Инфекциялық аурулар туралы ақпарат енді электронды түрде жеткізіледі

303

​Қазақстанда инфекциялық аурулар туралы шұғыл хабарламалар электронды форматқа көшіріледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Инфекциялық аурулар туралы ақпарат енді электронды түрде жеткізіледі Фото: everyone.plos.org

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті "Эпидемиолог" ақпараттық жүйесіндегі "Шұғыл хабарламалар" модулін сынақтан өткізіп жатыр. Жоба санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмысын цифрландыруға және жұқпалы ауруларды бақылау жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Қазіргі уақытта пилоттық жоба Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында жүзеге асырылуда.

Жаңа модуль арқылы инфекциялық аурулар туралы шұғыл хабарламалар электронды түрде жіберіледі. Медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен мәліметтер санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының аумақтық бөлімшелеріне тікелей жолданады.

Бұл өзгеріс ақпарат алмасу үдерісін жеңілдетіп, қағаз құжаттарды дайындау мен өңдеуге кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.

Электронды жүйе медициналық ұйымдар мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының жұмысын оңтайландыруға арналған. Атап айтқанда, инфекциялық аурулар туралы мәліметтерді жеткізу жылдамдайды, әкімшілік жүктеме азаяды, қағаз құжат айналымы қысқарып, деректердің қайталануына жол берілмейді.

Сонымен қатар ақпаратты енгізу және жіберу кезінде қателіктердің туындау ықтималдығы төмендеп, эпидемиологиялық мониторинг жүргізу мен індетке қарсы шараларды ұйымдастыру жеделдейді.

Мәліметтердің уақытылы жеткізілуі эпидемиологиялық қауіптерді дер кезінде анықтап, қажетті профилактикалық шараларды қабылдауда маңызды рөл атқарады.

Пилоттық жоба медициналық ұйымдар мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бөлімшелері арасындағы электронды өзара іс-қимылдың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Сынақ нәтижелері жүйені жетілдіру бағыттарын айқындап, оны одан әрі дамытуға негіз болмақ.

Комитеттің мәліметінше, "Шұғыл хабарламалар" модулін енгізу санитариялық-эпидемиологиялық қызметті цифрлық жаңғыртудың маңызды кезеңдерінің бірі саналады. Бұл бастама эпидемиологиялық бақылауды күшейтіп, мекемелер арасындағы ақпарат алмасуды жақсартуға және халық денсаулығына төнетін қауіптерге жедел әрекет етуге бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу