Инфляция 19 өңірде жеделдеп, 1 өңірде баяулады

Жылдық инфляцияның ең жоғары мәні Астана қаласында және Маңғыстау мен Ақмола облыстарында тіркелді. 

Инфляция 19 өңірде жеделдеп, 1 өңірде баяулады Фото: google

Осыған қатысты ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің нақты сектор мониторингі басқармасының бастығы Игорь Осиповтің түсініктеме берді.

2023 жылдың қаңтар айында елде жылдық инфляция 20,7% болып (2022 жылғы желтоқсанда – 20,3%), сәл қарқын ала түсті.

"Аймақтар бойынша алып қарасақ, инфляцияның 19 өңірде жеделдеп, 1 өңірде (Қарағанды облысы) баяулағанын аңғаруға болады. Жылдық инфляцияның ең жоғары мәні Астана қаласында және Маңғыстау мен Ақмола облыстарында тіркелді", – деді спикер.

Қаңтарда азық-түлік тауарларының бағасы ж/ж 25,7%-ға (2022 жылғы желтоқсанда – 25,3%) өсті. Осы топтағы тауарлардың бағасы Маңғыстау облысында (31,5%) барынша тез, ал Алматы облысында (23,8%) мейілінше баяу өсті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны ж/ж 20,2%-ға дейін жеделдеді (2022 жылғы желтоқсанда – 19,4%). Ең жоғарғы мән Астана қаласында (31,7%), төменгі мән Алматы облысында (15,9%) тіркелді.

Қаңтарда ақылы қызметтердің бағасы ж/ж 14,2%-ға өсті (2022 жылғы желтоқсанда – 14,1%), бұл ретте Ақмола облысында (18,4%) баға жалпы республикалық деңгейден жоғары, Алматы облысында (11,4%) біршама төмен болды.

"2023 жылғы қаңтарда елде баяулаған айлық инфляцияның өсімі 1,1%-ды құрады. Бұл соңғы 5 жылдағы (2018-2022 жылдары: 0,6%) қаңтар айындағы инфляцияның орташа мәнінен біршама жоғары", – деді ҰБ өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу