Инфляция мәселелері күнделікті бақылауда болуы тиіс – Әлихан Смайылов

678

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын ұстап тұру мәселелері жөніндегі кеңесте әкімдердің осы бағытқа жетекшілік ететін орынбасарлары жағдайды бақылап, тиісті шаралар қабылдауы қажеттігін айтты, деп хабарлайды Үкіметтің ресми сайты.  

Инфляция мәселелері күнделікті бақылауда болуы тиіс – Әлихан Смайылов

Өңірлер бойынша ең жоғары баға өсімі Қарағанды облысында - 0,4%, тағы 11 өңірде – Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында, Маңғыстау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарында - 0,3% тіркелді.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаевтың айтуынша, "айналым схемасы" құралының мониторингі бекітілген қаржыландыру жоспарының толық қамтылмағанын көрсетеді.

Салалық ведомство бөлшек сауда объектілерінің рұқсат етілген сауда үстемесін сақтауы бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіруді жалғастырып отыр. Өткен аптада рейдтік іс-шаралар аясында үй маңындағы 33,6 мың дүкен немесе сауда объектілерінің 78,9%-ы қамтылып, 424 факті анықталды. Соның нәтижесінде сауда үстемелері 15%-ға төмендеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, республика бойынша ӘМАТ қоры - шамамен 744 мың тонна, оның ішінде "айналым схемасы" аясындағы қорлар – 108 мың тонна, тұрақтандыру қорларында – 25,6 мың тонна және 52,9 мың тоннаға форвардтық келісімшарттар жасалды.

Министрліке әкімдіктермен бірге өңірлер арасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің қажеттіліктерін ескере отырып, оларды жедел тәртіппен жеткізіп отыру үшін өндіріс пен тұтыну теңгерімін тұрақты негізде өзектендіру тапсырылды.

"Бүгінгі таңда оңтүстік өңірлерде көкөністердің кейбір түрлері пісіп жатыр. Бағасы өсіп жатқан көкөністерді жеткізуге келісімшарт жасау қажет. Сонымен қатар, күзде тұрақтандыру қорларында салыстырмалы түрде төмен бағамен қажетті азық-түлік көлемі болуы үшін форвардтық сатып алу бойынша қаржыландыруды арттыру қажет. Бұл жұмысты бүгіннен бастап жүргізген жөн", - деді Үкімет басшысы облыс әкімдеріне.

Сонымен қатар, Премьер-Министр Сауда және интеграция министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, сауда үстемесін, әсіресе оны көтерме сауда орындарында бақылауға ерекше назар аударуды, сондай-ақ "айналым схемасын" қаржыландыруды 100% нысаналы деңгейге дейін жеткізуді тапсырды.

"Инфляция мәселелері халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер етеді, ол күнделікті бақылауда болуы тиіс. Әкімдердің осы бағытқа жетекшілік ететін орынбасарлары жағдайды бақылап, тиісті шаралар қабылдауы қажет. Бізде қажетті құралдар бар", - деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу