Инфляция жыл соңына дейін жоғары болады – Ұлттық банк төрағасы

821

Инфляция жыл соңына дейін жоғары деңгейде сақталады. Азық-түлік бағасы жылдам өсіп барады. Оның ішінде әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының жылдық өсімі де жоғары деңгейде болып тұр. Бұл туралы үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Инфляция жыл соңына дейін жоғары болады – Ұлттық банк төрағасы

"Қазақстандағы инфляция, біздің болжамымызға сәйкес, наурыздағы 12%-дан сәуірде барлық компоненттер бойынша баға жылдам өскендіктен 13,2%-ға дейін қарқын алды. Азық-түлік бағасының жылдық өсімі 15,4%-дан 17,9%-ға дейін жеделдеді. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне ең көп үлесті қант, қырыққабат, күнбағыс майы қосып келеді", – деді Пірматов.

"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының апта сайынғы өсуі тұрақтанды. Алайда наурызда жекелеген азық-түлік тауарларға сұраныс артқандықтан бағаның жылдық өсімі жоғары деңгейде сақталып отыр", – деп үстеді Пірматов.

Сонымен бірге сыртқы ахуал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасына да қысым көрсетіп отыр. 

"Ақылы қызмет көрсету бағасының өсуі 8,3%-дан 8,9%-ға дейін жеделдеді, бұл бірқатар нарықтық қызметтер бағасының өсуіне байланысты болды", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Ол базалық ставканы 25 сәуірде 14%-ға көтергенін айтты. 

"Инфляция жыл соңына дейін жоғары деңгейде сақталатын болады. Экономиканың, ішкі және сыртқы сұраныстың оң серпіні кезінде жалғасып отырған фискалдық ынталандыру аясында, сонымен қатар әлемдегі және Қазақстанның сауда әріптес елдеріндегі бағаның өсуі есебінен инфляциялық қысымның және инфляциялық күтулердің артуы жағдайында Ұлттық Банк 25 сәуірде базалық ставканы 50 базистік тармаққа 14%-ға дейін көтерді", – деді Пірматов.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу