Инфляцияға қарсы әрекет етудің кешенді жобасы әзірленді

497

Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Инфляцияға қарсы әрекет етудің кешенді жобасы әзірленді

Әсет Ерғалиевтің айтуынша, 2021-2024 жылдарға арналған жоба жедел және орта мерзімге арналған 70 іс-шарадан тұрады.

"Кешенді жоба бағаның өсуін тежеуге және инфляция қарқынын бекітілген нысаналы дәлізге кіргізуге бағытталған жүйелі шараларды қамтиды", – деді министр. 

Оның сөзінше, жедел шаралар биыл атқарылады. 

"Тауар ұсынысын кеңейту шеңберінде 16 іс-шараны іске асыру жоспарланып отыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін сатып алуды ұйымдастыру, өндірушілердің қажеттілігін айқындау көзделген. Талдау және ұйымдастыру шаралары бойынша 7 іс-шара бар. Мұнда скрининг, сауда процестерін цифрландыру, тамақ өнеркәсібінің
жартылай жұмыс істейтін және тоқтап тұрған қуаттарын мониторингтеу мәселелері қамтылады. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бақылауды күшейту көзделген. Реттеу шарасы аясында 10 іс-шара іске асырылады. Бұл жерде ішкі нарықта тапшылық немесе бағаның өсуі байқалған жағдайда шикізат пен материалдарды экспорттауға шектеу енгізу шарасы қарастырылған. Сондай-ақ атқарылатын іс-шаралар кешеніне мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автокөлікпен экспорттауға 6 айға тыйым салу және медициналық қызметке кешенді тариф бекіту кіреді", – деді Әсет Ерғалиев. 

Министрдің мәлімдеуінше, антимонополиялық шара шеңберінде 9 іс-шара жүзеге асырылады. Іс барысында сауда үстемелерінің негізділігін бақылауға, баға бойынша сөз байласу белгілерін анықтауға және сауда-саттыққа қол жеткізуді шектеуге бағытталған іс-шаралар назарға алынады. 

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу