Инфляциялық қысым әлем елдерін ақша-кредит саясатын күшейтуге мәжбүрлеп жатыр

712

Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев дамушы елдер ғана емес, дамыған елдер де инфляциямен күресіп жатқанын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Инфляциялық қысым әлем елдерін ақша-кредит саясатын күшейтуге мәжбүрлеп жатыр

"Экономиканы қалпына жылдам келтіру үшін әлем елдері фискалдық ынталандыру мен жеңіл ақша-кредит талабына жүгініп жатыр. Қыркүйектің басынан бері әлемнің 22 елі негізгі мөлшерлемені өсірді. Есесіне шикізат қымбаттап кетті", – деді Ұлттық банк төрағасы. 

Ерболат Досаевтың айтуынша, биыл тамыз айында Қытай мен дамыған елдердің сұранысы базалық металдардың бағасын 42,6%-ға қымбаттатып, салдарынан өнеркәсіптік шикізат құны 38,5%-ға өсті. 

"Осы кезеңде ауыл шаруашылығы шикізаты 22,7%-ға қымбаттады. Ал қыркүйекте өсімдік майы, дәнді дақылдар, сүт өнімдері мен қант бағасының көтерілуі нәтижесінде БҰҰ азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы тізбесіндегі азық-түлік бағасының индексі бір жылда 32,8%-ға өсті", – деді Ұлттық банк төрағасы. 

Ерболат Досаевтың сөзінше, әлемде инфляциялық қысымның өсуі дамыған елдерді де ақша-кредит саясатын күшейтуге мәжбүрлеп отыр. 

"Осы жылғы 22 қыркүйектегі отырысында Федералдық резервтер жүйесі ставканы 2023 жылдың орнына 2022 жылдың өзінде барынша ерте арттыру мәселесін талқылады. Еуропа орталық банкі Еуроодақта инфляцияның кейінгі 13 жылдағы ең жоғары көрсеткішке дейін – 3,4%-ға, оның ішінде Германияда 28 жылдағы ең жоғары көрсеткішке дейін – 4,1%-ға, Францияда 10 жылдық ең жоғары көрсеткішке дейін – 2,7%-ға жеделдетіп, облигацияларды сатып алу көлемін қысқартуда. Осы жылғы қыркүйектің басынан бастап 22 ел негізгі ставканы өсірді. Оның ішінде Ресейде тағы да инфляция биылғы жылғы қыркүйекте 5 жылдағы ең жоғары көрсеткішке дейін 7,4%-ға өсіп, мөлшерлеме 6,75%-ға дейін ұлғайды. Жаңа Зеландия мен Норвегияның орталық банктері де негізгі мөлшерлемені 25 базалық тармаққа арттырды", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу