Инфляцияның бәсеңдеуі базалық ставканы түсіруге мүмкіндік берді

496

Ұлттық банк араға үш жыл салып, бірінші рет базалық мөлшерлемені төмендетті.

Инфляцияның бәсеңдеуі базалық ставканы түсіруге мүмкіндік берді

Соңғы бес айдан бері инфляция қарқынының бәсеңдеуі осыған мүмкіндік беріпті. Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, мұндай шешімге келуге бұдан өзге де факторлар әсер етті.

Ұлттық банк өткен жылдан бері қатаң ақша-кредит саясатын жүргізіп келді. Сол ұстаным қазір өз жемісін беріп, инфляцияның қарқынын тежей бастады. Әсіресе, соңғы бес айда тұрақтылық жақсы байқалды. Сондықтан базалық мөлшерлемені түсіру мүмкіндігі туып отыр. Бірақ Ұлттық банк ставка деңгейін бірден емес, байыппен төмендеткенді жөн көреді. Соңғы 9 айдан бері 16,75% деңгейінде болып келген мөлшерлеме жылдық 16,5 пайыз болып бекітілді. 

"Жалпы біздің әрекеттеріміз бен қазіргі шешіміміз инфляцияның төмендеу траекториясын болашақта сақтап қалуға бағытталған. Ұлттық банк базалық мөлшерлемеде есепке алмайтын тұрғын үй коммуналдық қызметтері тарифтерін көтеруінен болған тікелей әсерді ескермесек, 5 пайыздық орта мерзімді мақсатта 2025 жылдың соңына таман жеткізу күтілуде", - деді ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Бүгінгі шешімге ішкі және сыртқы факторлардың да әсері бар. Мәселен, әлемнің азық-түлік нарықтарында баға түсіп, логистикада шығындар азайған. Ал, ел ішінде азық-түліктен бөлек, өзге де тауарларға сұраныс тұрақты. Жанар-жағармай мен тұрғын үй коммуналдық қызмет бағасының өсуі инфляцияға жанама түрде ғана әсер етті. Дегенмен, осыған алаңдайтын халықтың инфляциялық күтулері әлі жоғары күйінде қалып отыр.

"Біздің бүгінгі қабылданған шешіміміз қазіргі инфляцияға, біздің болжамдарымызға сәйкес. Алайда, бұл тұрақты базалық мөлшерлемені төмендедетін цикл басталды деп айту ертерек деп ойлаймын", - деді ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Жалпы ставкаға қатысты шешімдердің мақсаты  біреу. Елімізде баға тұрақтылығын сақтап, инфляцияны ауыздықтау. Базалық мөлшерлемеге қатысты келесі жоспарлы шешім 6 қазанда жарияланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу