Былтыр жаңа жыл қарсаңында Темір ауданының Кеңқияқ ауылында екі адамның өлі денесі табылған. Оларды өлтірді деген күдікке Баян Еркінованың 31 жастағы інісі ілігеді. Тергеу амалдары жүріп, сәуір айында жігітті қамауға алған. Сол уақыттан бері ол абақтыда отыр. Алайда, әпкесі бауырының екі адамды өлтіргеніне сенбейді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
"Бұл оқиға былтыр, 31 желтоқсанда болған. Аса ауыр қылмысты менің інім жасады деді. Бастапқы кезде куәгер болды, содан соң күдікті деп шешті. Іс сотқа жетіп, сотқа дейінгі алдын ала отырыс кезінде бір жайт белгілі болды. Яғни, бір жігіт 102-ге хабарласып, екі адамның өліміне кінәлы екенін мойындапты. Ол жігіттің айтуынша, бұл қылмысты досы екеуі жасаған. Полиция бөлімшесіне келіп қалай өлтірді, не істеді, мән жайдың бәрін айтыпты. Осыны ескеріп, қорғаушыларымыз судьядан істі қайта тексеру үшін прокуратураға кері қайтаруды және тергеу аяқталғанша інімді үйқамаққа шығаруын сұрадық. Судья өтінішімізді ішінара қанағаттандырды. Інім әлі абақтыда отыр. Қылмысты қалай жасағанын өз аяғымен келіп айтқан адамның орнына қамауда отырған менің інімді неге үйқамаққа жібермейді, мен соны түсінбедім?! Ол жазықсыз!", – деді күдіктінің әпкесі Баян Еркінова.
Баян Еркінованың айтуынша, оқиға болған күні інісі көлігімен такси болады. Ауылда шаштараз болып істейтін тұрғынды қылмыс болған үйге жеткізіп салған. Бірақ, марқұм әйел мен еркекті жақын танымайтынын, тіпті дастархандас болмағанын, мерекені бірге тойламағанын айтыпты. Сондықтан, абақтыда отырған жігіттің жақындары істі әбден зерттеп, шынымен кінәлы адам жазасын алғанын талап етеді.
Ақтөбе облыстық сотының хабарлауынша, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылдың 6 қазанындағы қаулысымен Қылмыстық процестік кодекстің 323-бабына сәйкес, қылмыстық іс облыстық прокуратураға қайтарылыпты. Қазір екі адамның өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында тұр.