Инклюзивті білімге серпін: Астанада жаңа мамандыққа қабылдау басталды

411

Астанадағы Мағжан Жұмабаев атындағы Халықаралық жоғары колледжі биыл жаңа бағыт бойынша талапкерлерді қабылдауды бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Инклюзивті білімге серпін: Астанада жаңа мамандыққа қабылдау басталды Фото: gov.kz

Енді оқу орнында алғаш рет "Жеке сүйемелдеуді ұйымдастыру (деңгейлеріне сәйкес)" білім беру бағдарламасы аясында "Педагог-ассистент" біліктілігі бойынша мамандар даярланады.

Бұл жаңа мамандық елімізде инклюзивті білім беру жүйесін дамытуға, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жан-жақты қолдау көрсетуге және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді күшейтуге бағытталған мемлекеттік бастама аясында енгізіліп отыр.

Педагог-ассистенттің негізгі міндеті – оқушының оқу үдерісіне бейімделуіне көмектесу, оқу тапсырмаларын орындауын қолдау, әлеуметтік қарым-қатынасын дамыту және өздігінен әрекет ету дағдыларын қалыптастыру. Аталған біліктілік техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтарының ресми тізіміне енгізілген, ал педагог-ассистент лауазымы педагог қызметкерлер санатына жатады.

Қазіргі таңда мұндай мамандарға мектептерде, балабақшаларда, инклюзияны қолдау кабинеттерінде және түзету-дамыту орталықтарында сұраныс артып келеді. Осыған байланысты колледж болашақ мамандарды тәжірибеге негізделген бағдарлама арқылы педагогика, психология және инклюзивті білім беру бағыттарында даярлауды жоспарлап отыр.

Бағдарлама балалардың жеке ерекшеліктері мен білім алу қажеттіліктерін ескеретін қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Болашақ түлектер ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға кәсіби қолдау көрсетіп, педагогтермен және ата-аналармен бірлесіп жұмыс істей отырып, білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу сапасын арттыруға үлес қоспақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу