Инстаграмнан қазақ әндері жойылып кетті: Министрлік мәлімдеме жасады

315

Meta мен қазақстандық авторлар ортақ келісімге келе алмай жатыр.

Инстаграмнан қазақ әндері жойылып кетті: Министрлік мәлімдеме жасады Фото: CNBC

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Facebook пен Instagram-да қазақстандық музыканың жойылып кету жағдайына түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ботагөз Жақселекованың айтуынша, мұның себебі Мeta мен қазақстандық ұйымдардың бірі арасында құқықтарды ұжымдық басқару (өтемақы) бойынша уағдаластықтардың болмауына байланысты.

"Авторлар саны көп болғандықтан құқықтарды қорғау ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдармен реттеледі. Meta мен біздің ұйымдардың бірі қараша айының соңында келіссөз жасады. Алайда олар шартты ұзарту аясында өзара түсіністікке қол жеткізе алмады. Бұл тарифтік ставкалар, сыйақы төлеу мөлшері мәселелеріне байланысты болды. Осы себептерге байланысты келісім ұзартылған жоқ. Біз бұл дауды мүмкіндігінше шешуге тырыстық. Бірақ нәтиже болмады. Өйткені біздің ұйымның да өзіндік принциптері бар. Meta-ның да өзіндік ұстанымдары бар", – деді Жақселекова. 

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда 10-нан астам мүліктік құқықтарды ұжымдық басқаратын ұйымдар бар. 

"Бізде 15 ұйым бар. Ал басқа елдерде мұндай ұйым тек бір немесе екеу болады. Meta-ның кімдермен жұмыс істегісі келетіні түсінікті болғандықтан, басқа ұйымдар да қазір келіссөздерге шықты. Бәсекелестік жағдайында шарттың талаптары талқыланып, белгілі бір уағдаластықтарға қол жеткізіледі деп сенеміз. Жақын арада бұл мәселе шешіледі деп үміттенеміз", – деп қосты ол.

Алайда ол қазақстандық орындаушылардың музыкасын бұл әлеуметтік желілерде пайдалануға рұқсат берудің нақты мерзімдерін атай алмады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу