Ол өзінің көп жылдық технология және цифрландыру саласындағы тәжірибесіне сүйене отырып, кез келген жүйені уақыт талабына сай жаңартып отыру қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Технология мен цифрландыру саласында көп жыл жұмыс істеген соң, бір нәрсені жақсы түсінесің, кез келген жүйені уақыт өте жаңартып отыру керек. Бұрынғысы жаман болғандықтан емес. Уақыт өзгереді. Жаңа міндеттер пайда болады. Соған сай жүйе де өзгеруі керек", – деді Бағдат Мусин.
Оның пікірінше, бұл қағида мемлекеттік басқару жүйесіне де қатысты. Мемлекет қоғамдағы өзгерістерге және жаңа міндеттерге сәйкес дамып, жаңарып отыруы керек.
Бағдат Мусиннің айтуынша, соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда ауқымды саяси өзгерістер жүзеге асырылды. Осы кезеңде мемлекеттік институттар жаңарып, шешім қабылдау тәсілдері өзгеріп келеді.
Сонымен қатар, оның сөзінше, қоғаммен ашық диалог орнатуға және жеке жауапкершілікке бұрынғыдан да көбірек мән беріле бастаған.