Интерндердің жанайқайы

757

Ақтөбеде болашақ дәрігерлер жанайқайын айтты.

Интерндердің жанайқайы

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің интерндері резидентураға қабылдаудағы талаптармен келіспейді. Даудың басы – 7 балл. Жоғары оқу орнындағылар грант бөлерде талапкерлердің жұмыс өтілі барларына ұпай қосуға шешім қабылдапты. Яғни 5-6 жылдан астам еңбек стажы барлардың әрбір жылына 7 ұпайдан қосылған. Оқуды биыл ғана тәмамдаған интерндер мұндай басымдық неге берілген деп түсінбей дал.

Мен интернмін, 7 курсты бітірдім. Резидентураға тапсырып жатырмын. Мемлекеттік грантпен оқығандар ақылы бөлімге тапсыра алмайды. Егер резидентураға түспесек,  үш жыл "отработка" жасауымыз керек. Мысалға, кардиология резиндетураға  алты жыл жұмыс жасап келген үміткерге 42 балл қосты. Бірақ жиынтық бағасы бізден төмен. Бұрын мысалы, 0,5, 1 немесе 1,5 балл қосатын. Биыл ғана университет 7 балл қосуды санапты. Ондай шешім дұрыс емес, меніңше. Ол бір талаптарға сүйеніп, негізделген болуы керек деп ойлаймын. Осы мәселені қараса екен, – дейді Нұртуған Әбдірей.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің тағы бір түлегі Әсел Ізбасар да алаңдаулы.

"Негізі резидентураға үш көрсеткішке қарап алады, біз үш көрсеткіштен де 100 балдан жинағанның өзінде аса алмаймыз. Ал еңбек өтілімен келген үміткерлер жаңағы  үш көрсеткіш бойынша 78 алатын болса, оған 8 жыл стажына 56 болып қосылып, 134 балмен біздің грантымызды алып отыр", – дейді Әсел.

Мән-жайды оқу орнының басшылығы былай түсіндіреді:

Қабылдау тәртібі әр жылдары ауысып отырады. Әрбір ЖОО-ның өзі енгізетін тұстары бар. Биыл резидентураға үміткерлер өте көп. Биылғы интерндердің жоғары балл көрсеткіші үлкен. Басқару ұйымы  ақылдаса келе, жұмыс жасап жүрген үміткерлерге әрбір еңбек еткен жылына  жеті баллдан қосуға шешім қабылдады. Өйткені профессор-доценттер емдеуден хабары бар, науқаспен жұмыс істей білетін маманның резидентураға түскенін құптайды. Республикалық комиссияның өзі грантпен оқыған түлек оқуын аяқтаған соң, ауылда үш жыл еңбек еткенін қадағалайды. Бірақ ешкім ауылға, аудандық ауруханаға барғысы келмейді, – дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің деканы Роза Нұрғалиева.

Биыл аталған оқу орнының резидентурасына бес жүзден астам адам құжат тапсырған. Оның 25 пайызы – денсаулық саласында жұмыс жасап жүрген, 5-6 жыл еңбек өтілі бар дәрігерлер. Университет басшылығы грант тепе-тең бөлінетінін айтты. Сынақ нәтижесі жақын күндері жарияланатын болады.

Зада Зейін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу