Петропавл қаласы Полиция басқармасына бір тәулік ішінде облыс орталығының 12 тұрғыны жүгініп, оларға интернет-алаяқ болуы мүмкін адамдар хабарласқанын айтқан. Полицияға келген он екі адам желідегі алаяқтардың алдауына сенбеген және олар бұл жайлы жедел уәкілдерге ақпарат беруді шешкен.
Жүгінгендердің бірі – қала тұрғыны Елена Прасолова. Интернет-алаяқтар оның ақшасын түрлі айлалармен тартып алмақшы болған. Жуырда оның кәмелетке толмаған ұлына белгісіз адам өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, қоңырау шалған. Ұлы телефонды анасына берген, ол 16 жастағы баласымен банк нақты қандай қаржы операциясын жасауы мүмкін деп сұраған сәтте қоңырау шалған адам бірден сөйлесуін тоқтатқан.
Бір апта өткен соң Еленаға қайтадан белгісіз абонент қоңырау шалып, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырып, әйелдің алаяқтық іспен байланысты күдіктелініп жатқанын хабарлаған. Қоңырау шалған адам сенімді және сендіре айтқанына қарамастан, Елена бірден сөйлесуді тоқтатып, дереу полицияның 102 арнасына қоңырау шалған.
Петропавл қаласы Полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатовтың айтуынша, жыл басынан облыс орталығы аумағында 370-тен аса алаяқтық фактісі тіркелген, оның 280-нен астамы интернет-алаяқтық. Бұл қылмыс түрінен келтірілген шығын 150 миллион теңгеден астам. Келтірілген шығын сомасы әр түрлі, бірнеше мың теңгеден ондаған миллион теңгенің аралығында.
Петропавлда түрлі жастағы және әлеуметтік жағдайдағы адамдар интернет-алаяқтардың құрбандарына айналып жатады. Осыған байланысты полицейлер қандай жағдайда да дербес деректеріңізді, құпия сөздерді, SMS-кодтарды, сондай-ақ банк карталарында жазылған мәліметтерді ешкімге жібермеуді және сеніп тапсырмауды сұрайды.