Соңғы уақытта тек Өскемен қалалық сотына ғана отыздан астам жәбірленуші шағымданып, арыз жазған. Интернет алаяқтарға әзірге ештеңе тосқауыл болмай тұр. Соның салдарынан қарапайым адамдар зардап шегіп, шығынға батуда. Сондықтан Шығыс Қазақстан облыстық сотында тиісті құзырлы орган қызметкерлері мен банк өкілдері жиналып, осы мәселенің алдын алудың жолын талқылады.
Судьялардың айтуынша, көп жағдайда жәбірленушілердің құқығын қорғау мүмкін болмай жатады. Себебі, несие берген банк тарапынан еш қысым болмаған. Тек алаяқтар қажетті банк қосымшасын өз ұялы телефонына жүктеп, жеке адамға жіберілген құпия номерді түрлі айламен білу арқылы қажетті соманы рәсімдеп алады. Яғни, несие шартын онлайн жасау мүмкіндігін жақсы пайдаланады.