Павлодар облысында интернет-алаяқтықпен айналысқан адамдар тобының әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Күдіктілерден 120-дан астам мобильді құрылғы, 500 SIM-карта, 39 банк картасы және екі SIM-box құрылғысы тәркіленді.
Полиция мәліметінше, топ ақпараттық технологияларды пайдаланып, азаматтардың ақшасын заңсыз иемденуге бағытталған келісілген схема бойынша әрекет еткен.
– Полиция қызметкерлері төрт күдіктіні ұстады. Бүгінде тергеу барысында тоғыз жәбірленуші анықталды, келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы шамамен 40 миллион теңгені құрайды, – деді Павлодар облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Құқық қорғау органдары қылмыс эпизодтары мен жәбірленушілер саны әлі де артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Жедел қызметкерлер SIM-карталарды заңсыз іске қосуға және ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысы бар адамдарды да ұстады. Жалпы, интернет-алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен шамамен 33 адам қолға түскен. Олардың арасында үш кәмелетке толмаған жасөспірім бар.
Қазір күдіктілердің әрқайсысының рөлі, оқиғаның толық мән-жайы және олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Полицияның мәліметінше, есепті кезеңде өңірде интернет-алаяқтықтың 1 337 дерегі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31%-ға аз.
Полиция азаматтарды интернет арқылы қаржылық операциялар жасағанда сақ болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және жеке деректерін, банк картасының мәліметтері мен SMS-кодтарын бөгде адамдарға бермеуге шақырды.