Интернет арқылы байланысқа шыққан бейтаныс адамға екі ақтөбелік 11 мың АҚШ долларын аударып жіберген. Ал, арзан бағамен автобус алғысы келген ер азамат 8,1 мың долларынан айырылып қалды, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Облыстық ішкі істер департаменті интернет алаяқтарына алданып қалмауды ескертеді. Олардың айтуынша, алаяқтар ғаламтор желісінде қосалқы бөлшектер, тон, т.б. тауарларды нарықтағы бағасынан әлдеқайда арзан қылып көрсетіп, қызықтырады.
"Қарапайым тұрғындармен байланысқа шыққан алаяқтар ақшаны аударып жіберулерін сұрайды. Қаржы Ресейге аударылған. Бейтаныс адамдарға банктік шоттарыңыздағы жеке мәліметтерді айтпауларыңызды өтінеміз. Егер алданып қалсаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз. Алаяқтармен жазысқан хаттарыңыз бен есептесу чектеріңізді ала келіңіз", - дейді тәртіп сақшылары.
Бүгінде жоғарыда аталған жайттар бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр.