Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Редакция тілшісі "Қазақтелекомға" қатысты шағымдар көп түсе ме?" деп сұрады.
"Қазақтелекомға" қатысты шағымдар көп. Бірақ басқа жеке операторлар да бар. Бұрын айтып кеткенімдей, "Қазақтелеком" – доминант, табиғи монополист. Тарифтік реттеу мәселесі қазір Цифрлық даму министрлігінің құзыретінде. Алайда, әрине, бізге өте көп шағым келіп түседі. Биыл олардың саны былтырғыға қарағанда аз", – деді ол Астанада өткен XI Еуразиялық монополияға қарсы форум кулуарында.
Оның айтуынша, адамдар көбінесе интернеттің сапасына, жылдамдығына шағымданады.
"Жекеменшік операторларға да шағымданып жатады. Бұл нарықта бәсекелестікті дамыту қажет. Жаңа ойыншыларды, жеке компанияларды тарту керек. Бұл туралы бұрын да айтқанбыз", – деп атап өтті Марат Омаров.
Айта кету керек, бұған дейін Бәсекелестікті қорғау агенттігі бастапқы тұрғын үй нарығын зерттеп жатқанын жазғанбыз.