Интернет саудасы арқылы өз жыртығын бүтіндеп жатқан халық жетерлік – депутат

247

Халық қалаулысы маркетплейс арқылы табыс тауып жүрген шағын кәсіпкерлердің мәселесін айтты.

Интернет саудасы арқылы өз жыртығын бүтіндеп жатқан халық жетерлік – депутат Фото: vb.by

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов тауарларды таңбалауға қойылатын талаптарды сақтамағандар үшін жауапкершілікті күшейту туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Халықпен кездесуде әлеуметтiк жағынан осал топтағы жандар маркетплейс арқылы нәпақасын тауып жатқанын жеткізді. Алайда, олар біршама кедергілерге тап болуда. Біріншіден, тауарды таңбалау талабы. Ірі бизнес, яғни көтерме сатушылардың көбісі бұл талапты сақтамайды және таңбаланбаған тауарларды сатады. Бұл іс-әрекеттері шағын кәсіп иелеріне зияны тиіп отыр. Себебі, кедендік ресімдеудің оңайлатылған түрі бола тұра, қажетті шарттар толық орындалмайды. Таңбалау бойынша міндетті талаптар сақталмайды. Өз кезегінде уәкілетті операторлар мен ірі импорттаушылардың жұмысы салғырттық танытып тұр. Солардың "бармақ басты, көз қысты" әрекеттерінен салықтық төлемдер де дұрыс түспейді. Елімізде салық түсімдері бойынша орындау жоспарына сәйкес 2,4 трлн теңге қаражат бюджетке түспеген", - деді мәжілісмен.

Бұдан бөлек ол кедендік бақылау пунктінен миллиардтаған қаржы айналымы өтіп жатқанын да жеткізді.

"Қазір Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда қайнап жатыр. Заңды тауар өткізсе жақсы, ал заңды белшесінен басып жүргендер қаншама? Кеден бекеттерінде маркировка мен қауіпсіздік алғы шарттардың бірі болуы қажет. Бізде маркировка алмағаны үшін айыппұл көзі де қарастырылмаған. Сол маркировканың талабы мен машақаты қиын ба белгісіз, көп азаматымыз көрші мемлекеттен қойма ашып, салықтарын сол мемлекетке төлеуде. Бізде оңтайландыруға кім кедергі?", - деді депутат.

Айтуынша, елімізде маркировканы берумен Цифрлық экономиканы дамыту орталығы ғана айналысады. Ол Ismet.kz сайты жұмысын жетілдіруді талап етеді деп отыр. 

"Аталған сайт қарапайым халыққа түсінікті және үздіксіз жұмыс жасау қажет. Жалпы, бұл мекеме ашықтықтың қайнар көзі болуы тиіс. Ал, осы мекемеде жұмыс шикі болса, маркетплейс арқылы өз арбасын өздері сүйретіп жүрген шағын кәсіпкерлерге кедергісін тигізеді. Бүгінде интернет саудасы арқылы бала-шағасының аузына сары май құймаса да, өз жыртығын бүтіндеп жатқан халық жетерлік", - деді Мархабат Жайымбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу