Интернеттен "Қазақстанда адам өлтіргенге қандай жаза бар?" деп іздеген: Полиция Янаның өлімін қалай ашты?

23 жастағы Яна Легкодимова Атырау қаласында 2024 жылдың 18 қазанынан 19-на қараған түні өлтірілген еді. 

Интернеттен "Қазақстанда адам өлтіргенге қандай жаза бар?" деп іздеген: Полиция Янаның өлімін қалай ашты? Фото: видеодан алынған кадр

Қыздың өліміне себепкер болғандардың іс-әрекетін полицияның қалай әшкерелегенін, жедел уәкіл күдіктілерді қалай құрықтағанын және тергеушілердің бұл істі қалай ашқанын polisia.kz сайты жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Қыздың денесі 8 айдан соң ғана Жайық өзенінің жағасынан табылған. 

– Бірінші адам жоғалу фактісімен іс тіркелді. Хабар түскен сәтте біз оны іздеуге кірістік. Бірқатар жұмыс атқарылды. Адам ұрланғаны жөнінде мәліметтер жинақталған соң істі адам ұрлау дерегі бойынша жүргіздік. Одан соң іс кісі өлтіру дерегіне өзгертілді, – дейді Атырау облысы криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Ерлан Құсайынов. 

Полицияға хабарды 20 қазан күні қыздың анасы жеткізген. Тәртіп сақшылары Янаның түр-сипатына, ерекшеліктеріне қарай сұрау салып, іздестіру жұмыстарын бастаған. 

Атырау облысы ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Темірхан Хажмұратовтың айтуынша, Янаның үйден шыққан сәтінен бастап, жүрген жолы жіті тексерілген. Талдыкөлге бағыт алғаны да белгілі болған.

Көп ұзамай қызды алып кеткен екі жігіт анықталған. Бірі қылмыс жасаса, екіншісі ізін жасыруға көмектескен. 

– Күдіктілер екі күннен кейін ұсталды. Бірі Құрманғазы ауданына кетіп үлгерген, екіншісі көлікті жуатын орынға апарып, іздерді және марқұмның телефонын жойған, – деді тергеуші Т.Хажмұратов. 

Айғақтар жойылса да, полиция істі аша білді. Тергеу материалдарына сай, Хайржанов көліктің ішінде Янаны тұншықтырған, ал Катимов қыздың қашып кетпеуін бақылауына алған. Содан соң олар денені қала сыртына апарып, өзенге лақтырған. 

– Алдымен біз Хайржановты анықтадық. Оның жауабы бойынша екінші күдікті Катимовты таптық. Күдіктілер ұсталып, бірақ мәйіттің табылмағаны менің тәжірибемде алғаш рет кездесті. Соған қарамастан, күдіктінің сөзі бойынша қылмыс болған орынды анықтадық, – деді Ерлан Құсайынов. 

Қылмыскер мен марқұм бір университетте оқыған және бірін-бірі 2022 жылдан бері таниды. Олар қыз-жігіт ретінде қарым-қатынас орнатқан. Жедел уәкілдің сөзінше, мұндай жайттарда ұсақ-түйектің өзін ескеру маңызды саналады. 

Қылмысқа Янаның Хайржановтың басқа қызбен кездесіп жүргенін және оған үйленбек екенін білуі, қалыңдығына шындықты айтамын деп оқталуы себеп болған. Тергеуші басты күдікті әуелде тергеуді шатастыруға тырысқанын айтады.

– Сот санкциясы бойынша біз олардың парақшаларын тексердік. Хат алмасу барысында олар кісі өлтіру жоспарын талқылаған. Сондай-ақ, ғаламтордағы іздеу жүйесінде Қазақстанда адам өлтіру үшін қандай жауапкершілік қарастырылатыны және бейнебақылау камераларындағы жазбалар қанша уақыт сақталатыны туралы сұрақтар болған, – деді тергеуші Темірхан Хажмұратов. 

Полиция қызметкерлері барлық қажетті процесті жүргізіп, дәлелдемелерді жинақтаған. Бүгінде екі қаскөй де өмір бойына бас бостандығынан айырылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу