Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді

1203

Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосында аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпустың қатысуымен Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді елдегі қазіргі жағдай бойынша брифинг өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді

М. Тілеуберді өз сөзінде 2022 жылғы қаңтар айының басындағы еліміздің түрлі аймақтарындағы оқиғалардың хронологиясын, сондай-ақ олардың негізгі салдарын таныстырды. Дипкорпусқа оқиғаның себептері және мемлекеттің реакциясы туралы хабарланды.

Ол елдегі жағдай толығымен тұрақтанғанын, ҰҚШҰ бітімгерлері миссиясын аяқтағанын атап өтті. Қазақстанның сыртқы саясаты өзінің негізгі қағидаттарын ұстануда. Біздің барлық халықаралық міндеттемелеріміз толық көлемінде қалып отыр. 

Министр 11 қаңтарда Парламент мәжілісінде сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңадан құрылған Үкіметтің алдына қойған қоғам мен мемлекет экономикасын жаңарту жөніндегі міндеттеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда, Үкімет отандық және шетелдік инвесторлар мен сауда әріптестерінің Қазақстан экономикасына деген сенімін қалпына келтіру үшін барлық ықтимал шараларды қабылдайды, инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы әзірленетін болады. 

Өз кезегінде, осы қиын-қыстау кезеңде Қазақстан халқымен ынтымақтаса отырып, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшылары "бірінші ауыздан" ақпарат алуға мүмкіндік бергені үшін алғыстарын білдіріп, Үкімет пен Мемлекет басшысының орын алған қайғылы оқиғалардан кейін елді қалпына келтіру жөніндегі күш-жігеріне қолдау білдірді. 

Президент Қ. Тоқаев ұсынған және Қазақстан дамуының түбегейлі жаңа парадигмасын қалыптастыруға бағытталған дағдарыстан кейінгі шаралар кешенін іске асыру жөніндегі жоспарларға ерекше назар аударылды. 

Кездесу соңында М. Тілеуберді дипломатиялық корпустың сұрақтарына толық жауап берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу