Инвестициялық штаб отырысында инвестицияларды тарту қорытындылары қаралды

746

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында 2021 жылдың I тоқсанындағы инвестицияларды тарту бойынша атқарылған жұмыстың қорытынды көрсеткіштері қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.  

Инвестициялық штаб отырысында инвестицияларды тарту қорытындылары қаралды

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2021 жылдың І тоқсанында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,6%-ға қысқарғанын айтты. Тау-кен өндірісі өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 34% деңгейінде өсім көрсетті. 

Негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша оң өсім қарқынына 15 өңірде және республикалық маңызы бар қалаларда қол жеткізілді. Көш бастаушы өңірлер — Түркістан (67,4%), Жамбыл (32,9%), Қостанай (23,3%), Қарағанды (22,8%), Солтүстік Қазақстан (20,6%) облыстары, сондай-ақ Шымкент (45,8%) және Алматы (34,5%) қалалары болды. Батыс Қазақстан (-48,7%) және Атырау (-39,8%) облыстарында артта қалушылық байқалады.

"Kazakh Invest" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов АӨК, фармацевтика, химия және металлургия өнеркәсібі секілді салаларда $4,2 млрд астам сомаға пысықтау деңгейі жоғары 12 жобаны дайындау барысы туралы баяндады.

2021 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде жалпы инвестиция сомасы 45,5 трлн теңге ($100 млрд) болатын 2500-ден астам жобаны іске асыру көзделген. Аталған жобаларды іске асыру 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша ЖІӨ 30% деңгейінде нысаналы индикаторға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Инвестициялар тарту жұмыстары туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусин 2021-2025 жылдарға ЦДИАӨМ байланыс және телекоммуникация, цифрлық майнингті дамыту, аэроғарыш өнеркәсібі, АT-саласы, электрондық өнеркәсіп салаларында жалпы сомасы 1,5 трлн теңге болатын 170 жобаны іске асыруды мақсат етіп отырғанын атап өтті. Биыл 265 млрд теңге сомасына 64 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев 2021-2025 жылдарға әкімдік АӨК, жаңартылатын энергетика, туризм, химия өнеркәсібі және т. б. салаларда 27 мың жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 2,6 трлн теңге болатын 181 инвестициялық жобадан тұратын пул құрғанын баяндады. Биыл 256 млрд теңге сомасына 81 жобаны іске асыру көзделген.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов алдағы 5 жылда әкімдік АӨК, машина жасау, цифрландыру, фармацевтика, денсаулық сақтау, ТМК және т. б. салаларда 1,5 трлн теңге сомасына 66 жобадан тұратын пул құрғанын атап өтті.

"Ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту жұмысын барлық мемлекеттік органдар, өңірлердің әкімдіктері мен квазимемлекеттік сектор субъектілері жүйелі негізде жүргізуі тиіс", — деді А. Мамин.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу