Инвестордың Өскемен билігінен жол сұрағанына 3 жыл болған

227

Қойманың құны 2 миллиард теңге.

Инвестордың Өскемен билігінен жол сұрағанына 3 жыл болған Фото: Inbusiness.kz

Өскеменде дәрі-дәрмек сақтайтын қойма салған инвестор облыс пен қала әкімдігінен жол сұрағанына 3 жыл болған. Бірақ билік өкілдері өтінішімізге құлақ аспады  дейді кәсіпкер. Тек президент тапсырмасынан кейін ғана прокурорлар іске араласып, мәселе шешілгендей болды. Десе де жолға қатысты жұмыс 2024-ші жылы аяқталуы мүмкін, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Қойманың құны 2 миллиард теңге. Іргетесы 2020 жылы қаланған құрылыс аяқталуға жақын. Өскеменнің индустриялық аймағында салынып жатыр. Болашақта мұнда әкелінген дәрі-дәрмек пен медициналық заттар шығыстағы барлық аурухана мен дәріханаларға жеткізіледі. Ал оған дейін жол мәселесін шешіп беруді сұраған инвестордың өтінішіне ешкім құлақ аспаған екен.

"Осы мәселені шешу үшін соңғы 3 жылда инвестор облыс әкімдігіне, қала әкімдігіне бірнеше рет жүгінген. Бірақ нәтижелері болмаған", - дейді ШҚО Прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау Басқармасы бастығының орынбасары Мұхамеджан Оразбаев.

Жол мәселесінің түйіні салынып жатқан сауда-өндірістік кешенінде өткен кездесуден кейін тарқағандай болды. Жергілікті қазынадан қаражат бөлініп, кірме жолды кеңейту, бетін тегістеу секілді жұмыстар басталған. Бірақ биыл бітпейді  дейді, фармацевтикалық компания өкілі.

"Дәрілерге тасымалдау кезінде де қоймада тұрғандай жағдай жасалу керек. Әсіресе ауа температурасы мен ылғалдығы маңызды. Соған байланысты жолдағы қауіпсіздік те сақталуы тиіс. Сол себептен бұл жолдың дұрыс болуы бізге өте қажет. Өтінішіміз ары қарай жерде қалмай, айтылған уақытында орындалса болғаны",- дейді Фармацевтикалық компанияның өңірлік филиал директоры Анна Мандыч.

Айта кетейік, дәрі-дәрмекке қатысты мұндай сауда-өндірістік кешені бұл өңірде жоқ. Сондықтан қажетті дәрінің жеткізілуін күн санап емес, ай санап күтетін шығыс халқы үшін бұл жобаның жүзеге асуы өте маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу