Инвесторлардың құқықтарын бұзғаны үшін әртүрлі деңгейдегі 100 шенеунік жазаланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінге бірде-бір мемлекеттік орган прокурордың келісімінсіз инвесторды тексеруге, оны әкімшілік жауапкершілікке тартуға, оның қызметін тоқтата тұруға, лицензияларды қайтарып алуға және басқа да шектеулер қоюға құқылы емес. Қадағалаудың мұндай құралы инвесторды шенеуніктердің негізсіз және орынсыз араласуынан қорғауға бағытталған", - деп атап өтеді Бас прокуратурадан KazInform агенттігінің ресми сауалына орай.
Ведомство мәліметінше, "Прокурорлық сүзгі" инвестормен келісімшартты бұзуға қатысты жағдайларды да қамтиды. Бұл елеулі негіздерсіз шартты өз бетінше бұзу мүмкіндігін болдырмайтын прокурордың келісімін талап етеді.
"Жалпы прокурорлар 500-ден астам шешімді бекітуден бас тартып, инвесторларға қатысты 213 заңсыз тексеру мен 212 әкімшілік өндірістің жолын кесті. Инвесторлардың құқығын бұзғаны үшін әртүрлі деңгейдегі 100 шенеунік жазаланды", - деді қадағалаушы орган.