Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті өңірлердегі жұмысты күшейтіп жатыр

362

Алматы облысында инвесторлардың жер, инфрақұрылым және тіркеу мәселелері прокуратура бақылауына алынды.  

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті өңірлердегі жұмысты күшейтіп жатыр Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы мен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов өңір инвесторларымен бірлескен қабылдау өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кездесу барысында кәсіпкерлер жер телімдерін беру, инфрақұрылымға қосылу және мемлекеттік порталдарда тіркелу мәселелерін көтерді. Барлық өтініш прокуратура органдарының бақылауына алынды.

Алғашқылардың бірі болып "ABDI AGRO" ЖШС басшысы Ержан Әбдиевтің мәселесі қаралды. Кәсіпкер 1,5 мың бас ірі қара малға арналған ферма салу үшін жер телімін алу бойынша құқықтық көмек көрсетуді сұрады. Бұл кейс прокурорлардың ерекше бақылауына алынды.

Сонымен қатар, прокурорлар "СЛ Групп" ЖШС, "Caspian Beverage Holding" АҚ, "SAN tyres" ЖШС және "CSI Brands" ЖШС өкілдерінің өтініштерін қабылдады.

"Біз инвесторлардың құқығын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Соңғы үш жылда кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істер саны 71,5 пайызға қысқарды. Қазіргі таңда прокуратура жалпы құны шамамен 100 триллион теңгені құрайтын 3 мыңға жуық инвестициялық жобаны сүйемелдеп жатыр", – деді Бауыржан Ералы.

Оның айтуынша, 2024 жылы Президент тапсырмасымен маңызды инвестициялық жобаларды прокурорлық сүйемелдеу басталып, екі мыңнан астам инвестордың мәселесі шешілген.

"Біздің алдымызға қойылған міндет айқын – елдегі бизнес жүргізу мен инвестиция салу үдерісін барынша түсінікті әрі ашық ету", – деді комитет төрағасы.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов та өңірде инвесторларды қорғау жұмысы күшейгенін айтты.

"Соңғы үш жылда прокурорлар жалпы инвестиция көлемі 4 триллион теңгеден асатын шамамен 140 инвесторға қатысты 70-тен астам кейсті шешті", – деп атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу