Инвесторлардың ОҚО-да орнығуы үшін барлық көмек көрсетіледі

717

Инвесторлардың ОҚО-да орнығуы үшін барлық көмек көрсетіледі

Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 2016 жылды қорытындылаған халық алдындағы есебінде айтты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

"Қадірменді халайық! Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мені қабылдау кезінде Оңтүстік Қазақстан облысына тартылатын инвестицияны көбейтуді тапсырғанын естідіңіздер. Жалпы, облысымыз инвестицияға тартымды өңір. Енді біз Елбасының тапсырмасын тиянақты түрде жүргізу үшін бұл бағытта жаңа жобалар жасап отырмыз", – деді өңір басшысы.

Жұмысты жандандырып, жолға қою үшін жыл соңына дейін 3 инвестициялық форум өткізуді жоспарлап отырғанын айтқан Жансейіт Қансейтіұлы оның біреуі ақпан айының басында "Қазақстан-Түркия" инвестициялық форумы ретінде өткенін еске салды. 70 компанияның жетекшілері қатысқан шара аясында 4 ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылған болатын.

Облыс басшысының мәліметінше, келесі екінші форум сәуір айында өтпек. Онда Қазақстан мен Сауд Арабиясы елдерінің 40-тан астам компаниясынан келген өкілдердің қатысуымен екі жақты кездесу ұйымдастырылады. Ал мамыр айында "Оntustik Іnvest-2017" халықаралық инвестициялық форумы жоспарланып отыр. Оған 30  мемлекеттен 700-ге жуық делегат қатысады.

Бұдан бөлек, әкім машина жасау, туризм, ауыл шаруашылығы, тоқыма, "Ақылды қала" салаларында ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу мақсатында Германия, Ұлыбритания, Грузия, Испания, Италия, Түркия, Ресей және т.б. мемлекеттерге ресми сапар жоспарланып жатқанын жеткізді.

"Мұндай шаралар өңіріміздің инвестициялық мүмкіндігін таныстырып,  жаңа әріптестік қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Біз инвесторлардың Оңтүстікте орнығуы үшін барлық көмегімізді ұсынамыз", – деді Жансейіт Түймебаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу