Инвесторларға қысым көрсеткен шенеуніктер прокурорлардың бақылауына алынады

250

Бұл туралы Atameken Business FORUM барысында Бас прокуратура жанындағы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Азамат Дүйсембеков айтты.   

Инвесторларға қысым көрсеткен шенеуніктер прокурорлардың бақылауына алынады Фото: dknews.kz

Оның сөзінше, Қазақстанда инвестициялық ахуалды бағалауда жобаның табыстылығы мен коммерциялық әлеуеті бұрынғыдай басты фактор болудан қалып барады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әлбетте, инвесторлар үшін тұрақты әрі болжамды орта, мемлекеттік органдар шешімдерінің ашықтығы, түсінікті ережелер мен құқықтарының нақты қорғалуы әлдеқайда маңызды саналады. 

Азамат Дүйсембековтің сөзінше, Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі мамандандырылған комитет Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен құрылған. Оның негізгі міндеттері – заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, бюрократиялық кедергілерді анықтау және инвестициялық жобалардың іске асуына тосқауыл болатын себептерді жедел жою.

Негізінен, Қазақстандағы инвесторлар көбіне бірдей сипаттағы әкімшілік кедергілерге тап болады. Олар – құжаттарды келісу рәсімдерінің негізсіз созылуы, салық және бақылаушы органдар тарапынан шамадан тыс тексерулердің жүргізілуі мен әртүрлі мемлекеттік органдар талаптарының бір-біріне қайшы келуі.

– Мұндай жағдайлардың әрқайсысы жобаларды іске асыру мерзімін кейінге шегеріп, бизнес үшін қосымша қаржылық тәуекелдер туғызады әрі елдің инвестициялық ахуалына деген сенімді әлсіретеді. Сондықтан бүгінде прокурорлық қадағалау инвестициялық ортаны жақсартудың маңызды әрі практикалық құралдарының біріне айналды. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлерге негізсіз қысым көрсетілуіне жол бермеу, – деді Азамат Дүйсембеков.

Тәуекелдерді азайту үшін ведомство инвестордың алғашқы шағымынан бастап нақты құқықтық нәтиже алынғанға дейінгі барлық кезеңді қамтитын кешенді қорғау жүйесін қалыптастырған.

Прокурорлар Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жанындағы инвестициялар жөніндегі комитеттен бастап мемлекеттік қолдау тізбегінің барлық кезеңіне кіріктірілген. 

Сондай-ақ, комитет бизнес мүддесіне кері әсер етуі мүмкін мемлекеттік органдардың барлық шешімі мен ықпал ету шараларын мұқият саралайды. Бұл айыппұлдардың заңдылығын, мемлекеттік органдар бастамашылық ететін сот процестерін және тексерулердің негізділігін қамтиды. Қадағалау органының басты ұстанымы – бизнеске көрсетілетін артық әкімшілік қысымды болдырмау.

Мұнан бөлек, комитет тек құқықбұзушылық салдарын жоюмен ғана шектелмейді. Инвесторлардан келіп түсетін өтініштерді тұрақты талдау арқылы прокурорлар қайталанып отыратын әрі созылмалы сипат алған жүйелі мәселелерді анықтайды.

– Мәселенің түпкі себептерін түсіне отырып, комитет әкімшілік тәжірибені түбегейлі өзгертуге, мемлекеттік органдардың жұмыс тәсілдерін қайта қарауға және қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге қатысты тікелей ұсыныстар енгізуге құқылы, – деді комитет төрағасының орынбасары. 

Бас прокуратура бизнес қауымдастықтары мен инвесторлармен ашық әрі сындарлы диалог жүргізуге дайын екенін де растады.

Форум қорытындысы бойынша қатысушылар көтерген барлық ұсыныстар арнайы қарарға жинақталып, кейін қадағалау органдарымен бірлесіп практикалық тұрғыдан пысықталатыны атап өтілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу