"Інжу-Маржан" жобасы жүзеге асса Каспий теңізі Аралдың кебін киюі мүмкін

795

Тәуелсіз экологтар "Інжу-Маржан" инфрақұрылымдық-рекреациялық ауқымды кешенінің құрылысына қарсы.  

"Інжу-Маржан" жобасы жүзеге асса Каспий теңізі Аралдың кебін киюі мүмкін Фото: inbusiness.kz

Олар жоба жүзеге асса, Каспий теңізі Аралдың кебін киіп, тағдырын қайталауы мүмкін деп қауіптенеді. Жаңа жоба балық өндірісінің кластері мен теңіз портының құрылысын қамтитын инфрақұрылымдық-рекреациялық кешеннен тұрмақ. Құны- 239 млрд теңгені құрайды. Қаржының 20% шетелдік инвестициядан тарту көзделген.

Кешенді жобаның бірінші кезеңінде "Інжу-Маржан" сорына су құйып, содан кейін арналарды қазып, Ащысор аймағында Шығанақ құру ұсынылады. Бұл аумақта келер жылдан бастап балық шаруашылығын дамыту және туристік нысандар салу жоспарлануда. 2024 жылы бастау алатын екінші кезеңде аталған аймақта мұнай құю айлақтары бар терең теңіз портының құрылысын жүргізу межеленіп отыр. Үшінші кезең аясында Қарақия ойпатының белгілі бір бөлігін теңіз суымен толтыру көзделген. Су толтырылған дала мен ойпатта шипажайлар, қонақ үйлер, аквапарктер, су асты мейрамханалары бар жасанды аралдар, яхта клубы, сүңгуірлер мектебі, сарқырамалар мен бақылау алаңдары, геотермалдық ауруханалар мен ойын алаңдарын қамтитын курорт құру жоспарлануда. Ескерте кетейік, бұл жоба бойынша әзірге ешқандай қоғамдық тыңдаулар өткен жоқ. Ал Қарақия ойпаты мен Қаракөл көлі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жататынын ескерген жөн. Экологтар Ащысорда курорт салу мен мұнай құю айлақтары бар терең теңіз порты құрылысын жүргізу бойынша әлі көптеген сауалдардың басы ашық тұрғанын жеткізді.  Ащысор ойпатында күн радиациясының жоғары деңгейі, шаңды дауылдар, жылдық және тәуліктік температураның күрт құбылуы тіркелген, ойпатта жауын-шашын мөлшерінің аз, мұнай және газ кен орындары, фосфорит пен уранның, құрылыс материалдарының кен орны барланған. Уран кен орындары "Жасанды теңіздің" болашағына алаңдаушылық пен күмән тудырады. Жобалаушылардың облыс аумағында жоспарлаған үшінші теңіз портын эколог Кирилл Осин сынға алды.

"Ойпат теңіз деңгейінен төмен орналасқан. Сондықтан да оны су басу үшін арналарды қазып алу ұсынылады, сәйкесінше теңіз суының көп көлемі қажет болады. Бұл Каспий деңгейіне кері әсерін тигізеді, теңіз деңгейінің төмендеуіне сеп болады",– дейді эколог.

"Егер бұл жоба Каспий деңгейінің көтерілуі кезінде ұсынылса, түсінуге болар еді. Бірақ қазір теңіз деңгейінің төмендеуі тіркелген. Каспий Жайық пен Еділден су алмайды. Осы орайда Аралды еске түсірген жөн, өйткені шенеуніктердің кінәсінен Каспий Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін", - дейді "EcoJer" қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша өңірлік экологиялық кеңесінің мүшесі, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов.

Экологтар "жасанды теңіздің" Маңғыстаудың климатына да кері әсерін тигізетінін атап өтті. Ақтауда жаз ылғал, ал қыс аязды. Егер "жасанды теңіз" жасаса, булану мен ылғалдылық деңгейі одан да артады. Бұның салдары табиғи ортаға зиян. Экологтар алда су тоғанын жасау үшін оның аумағындағы өсімдіктер мен жануарлар әлеміне толыққанды ғылыми зерттеулер, экспедициялық жұмыстар жасалуы қажет екенін айтты. Өйткені, сирек өсімдіктер немесе жануарлар дүниесі болуы мүмкін.

Бұл мәселе үйлестіру кеңесінде талқыланбас бұрын жұртшылықпен ақылдасу керек. Бірақ бұл шарт орындалмады.

"Қоғамдық тыңдаулар зерттеуден кейін де қажет. Олар алдын-ала жасалуы керек, ал жобаны 2023 жылы жүзеге асыру көзделген. Сондай- ақ, заң бойынша қоғамдық тыңдаусыз мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын алу мүмкін емес", - деп толықтырды экологтар.

Болашақ жасанды теңіз жобасының әлеуметтік аспектісін де ескерген жөн. Егер инвестор жобаны жүзеге асырса, мемлекет инженерлік инфрақұрылым желілерін жүргізеді: газ, жарық, су тартады, жолдар салады. Қазір Ақтау қаласы сусыз отыр. Коммуникациялардың тозығы жеткен. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін осы мәселелер шешілуі қажет екенін ескерген дұрыс.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу