Қаржы министрлігі ипотекаға баспана алып, несиесін төлей алмай жүрген азаматтарға жеңілдік жасайтын жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Бірақ мұндай жақсылықтан барлық тұрғын үміттене алмайды. Жеңілдікке кімдер ілігуі мүмкін? Бұл туралы ktk.kz хабарлайды.
Заң жобасы күшіне енген соң, банктер жұрттың қарызын жаппай кешіреді деу бекер. Жеңілдік тек әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз, мүгедек азаматтарға жасалады. Құжат бойынша, бірінші берешегі бар адам мен банк өзара келісім жасайды. Борышкер банкке жағдайын түсіндіріп, айлық төлемді тоқтатуды және қарызды бірнеше жылдан кейін қайтаруды сұрайды. Ал банк клиентті күтуі тиіс. Егер тараптар бұл талапқа көнбесе, бір-бірін сотқа береді.
“Сот жан-жақты зерттеу жүргізеді. Бұрын борышкер үстінен қылмыстық іс қозғалмаса, оның материалдық жағдайы шынымен де қиын болса, жеңілдік жасалады. Судья отбасылық жағдайын да ескеріп, оның қарызын толық кешіру туралы шешім шығаруы мүмкін”,-дейді ҚР мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Айгүл Уәлиева.
Егер несиеге алынған пәтер борышкердің жалғыз баспанасы болса да қарызы кешіріледі де, үй иесінде қалады. Үкімет мұндай жеңілдік жасауға мәжбүр. Өйткені, соңғы кезде елімізде берешегі бар азаматтар саны күрт артыпты. Қазір ипотекаға алған баспанасының қарызын төлей алмай жүрген 338 мың адам бар. Олардың берешегі 1 жарым триллион теңгеге жеткен.
Алайда, борышкерлерге жасалып жатқан жеңілдік банк қожайындарына ұнап отырған жоқ.
"Екінші деңгейлі банктер қиынсынып отыр. Олар егер бәрінің бірдей қарызын кешірсек, шығынға батамыз дейді. Оның үстіне наразылық білдіріп жатқан азаматтар бар. Қарызын өтеп қойған адамдар "неге бізге де жеңілдік жасалмады?" деп шағымдануда",- дейді ҚР мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы.
Жаңа заң тек ипотекалық несиеге емес, кез-келген қарызға қатысы бар. Тек алимент төлемей жүрген әкелердің бала-шағасының алдындағы берешегі мен кәсіпкерлердің қарызына жеңілдік жоқ.
Қаржы министрлігі қарызға қатысты заң жобасын әзірге жан-жақты талқылап, мамандардың пікірін тыңдауда. Және жеңілдікке ілінетін азаматтардың тізімін жасап жатыр. Шенеуніктер құжатты күзде мәжіліске таныстырмақ. Егер депутаттар қолдаса, заң жобасы 2021 жылы күшіне енеді.