Ипотекалық несиенің мөлшерлемесі төмендеді

577

Ипотекалық несиенің мөлшерлемесі төмендеді

Елімізде жыл басынан бері "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 47 мыңнан астам баспана ел игілігіне берілді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 11 пайызға артқан. Осы жөнінде Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Оның айтуынша, тұрғын үйлер Алматы мен Астанада көптеп берілген. Мәселен Елордада 1 жарым млн, Алматыда 928 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Тек Алматы мен Павлодар облыстарында тұрғын үйлердің құрылысы баяулап тұр. Нысандарды уақытылы тапсыру мақсатында аталған аймақтарға 33 млрд 800 млн теңге аударылған. Бүгінде соның 29 млрд 300 млн теңгесі игерілді. Сондай-ақ, министр бағдарлама бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға арналған 5 мың 936 пәтер салынатындығын жеткізді. Оның 2 мыңнан астамының құрылысы осы жылы аяқталмақ.

Жеңіс Қасымбек ҚР инвестициялар және даму министрі: "Осы бағдарлама бойынша біз арендалық пәтерді әкімшілік арқылы сол тізімде тұратын кісілерге беретін боламыз. Оны әкімшілік өзі береді. Бірақ оның бағасы 1 шаршы метрі айына 100 теңге. Жалпы ол пәтер 50 шаршы метр болса, айына 5 мың теңге төлейсіз. Бірақ оны сатып ала алмайсыз. Тек қана арендаға беріледі".

Сондай-ақ министр, халыққа жеңілдетілген несие беріле бастағандығын жеткізді. Яғни, ипотекалық несиенің мөлшермесін төмендету мақсатында бюджеттен 10 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта соның 4,3 млрд теңгесі Қазақстанның ипотекалық компаниясына аударылып, бірқатар аймақтарда беріле бастады. Бүгінде Центр кредит, АТФ, Сбербанктер ипотекалық несиелерді субсидиялау бағдарламасына қатысуда. Енді осы іске жеті банк қатысуға ниет білдіріп отыр. Министрдің айтуынша бұл несие мөлшермесін 17-ден 10 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік бермек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу