Ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасының мерзімі ұзартылды

432

Бағдарлама валюталық ипотека алып, оны өтей алмаған азаматтарды қолдау үшін 2015 жылы қабылданған болатын.

Ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасының мерзімі ұзартылды Фото: fingramota.kz

Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасының мерзімі тағы бір жылға ұзарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кейін бағдарлама талаптары бірнеше рет өзгерді. Қазір халықтың әлеуметтік осал топтарына, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға басымдық беріледі.

Бағдарлама аясында валюталық ипотекалық қарыздар теңгеге айырбасталып, жылдық 3 пайызбен қайта қаржыландырылады. Ал әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың қарызы ішінара немесе толық есептен шығарылуы мүмкін.

Сондай-ақ банктер өндіріп алған жалғыз баспананы қайтару тетігі қарастырылған. Бұдан бөлек, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халықтың кредиттік жүктемесін азайтуға бағытталған шараларды қолға алды. Енді қарызын қайтара алмай жүрген және кредиттік тәуекелі жоғары азаматтарға жаңа несие беруге шектеулер қойылды.

– Осы жылдар ішінде бағдарламаға бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Бастапқыда ол 2020 жылға дейін жұмыс істеуі керек еді. Алайда биыл біз оның мерзімін тағы да ұзарту туралы шешім қабылдадық. Себебі бағдарлама талаптарына сәйкес қолдауды қажет ететін азаматтардың барлығы әлі толық қамтылған жоқ. Ең алдымен, бағдарлама халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған, – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова.

Коллекторлық агенттіктердің заңсыз әрекеттеріне қатысты шағымның көбеюіне байланысты олардың қызметіне қойылатын талаптар күшейеді.

Агенттік төрағасы Мадина Әбілқасымованың айтуынша, азаматтарға қайта-қайта қоңырау шалып, мазасын алатын кейбір коллекторлық агенттіктердің нарықтағы қызметі тоқтатылуы мүмкін.

Сонымен қатар, реттеуші ломбардтардың жұмысын да зерделеп жатыр. Бұған аталған ұйымдардың қызметіне жүгінетін клиенттер санының артуы себеп болған. Қазіргі уақытта агенттік ломбардтардың қызметіне талдау жүргізуде. Тексеру нәтижелері бойынша тиісті шешімдер қабылданады.

Шілде айында азаматтардың бірнеше қаржы ұйымындағы берешегін бірыңғай төлем кестесі арқылы реттеуге арналған цифрлық платформа іске қосылды.

Жаңашылдық мұнымен бітпейді. 1 қаңтардан бастап бірыңғай қаржы омбудсменінің кеңсесі жұмысын бастайды. "ФинӨтініш" платформасы арқылы азаматтардың қаржы ұйымдарына жолдаған өтініштерінің қаралу сапасы бақыланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу