Ипотекаларын төлей алмаған қазақстандықтар енді банк кепілдігінде тұрған мүліктерін өздері нарықтағы бағамен сатылымға шығара алатын болады. Қазір бұл құқыққа тек банк қана ие, деп хабарлайды astanatv.kz.
"Меншік құқын қорғау туралы" заң жобасы мәжілісте талқыланды.
"Банк сол мүлікті сатылымға шығарған кезде мүліктің қандай бағада сатылып жатқаны немесе арзанға сатылғаны қызықтырмайды. Кепілде тұрған мүліктің жоғары бағаға сатылғаны өзінің иесін ғана алаңдатады. Өйткені ол өзінікі болғандықтан, оның арзан бағаға сатылып кетуіне жол бермейді. Ал мүлкін жоғары бағаға өзі сатса, банк алдындағы қарызынан да құтыла алады. Қазір несиеге үй алғандардың банктерге берешегі 1,5 триллион теңгені құраған. Ал мерзімін өткізіп алғандардың қарызы - 220 миллиард теңге",- деді ҚР әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина.