Шикізат Банияс портына жүк көліктерімен жеткізілмек. Бұған дейін Бағдат бұл бағытпен мазут тасымалдауды жолға қойған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сирия Ирак мұнайын Ормуз бұғазын айналып өткізіп, Жерорта теңізіндегі Банияс портына жеткізуге мүмкіндік беретін құрлық бағытын қамтамасыз етуге дайын. Бұл туралы Bloomberg-ке берген сұхбатында Syrian Petroleum Co. компаниясының басшысы Юсеф Киблави айтты.
Белгілі болғандай, Ирак билігі сириялық үкіметке мазут тасымалына қоса, шикі мұнай экспортына да көмектесу туралы өтініш білдірген.
"Екі ел үкіметтері арасындағы келісім аяқталуға жақын. Ирак мұнайын Сирия арқылы жүк көліктерімен экспорттау жақын арада басталады деп күтілуде. Қазан айының ортасына қарай шикі мұнай тиелген алғашқы жүк көліктері Сирияға жетеді деген жоспар бар", – деді Киблави.
Ирак мұнайы экспортының басым бөлігі Басра терминалдарынан шығып, Ормуз бұғазы арқылы өтеді. 2025 жылы бұл бағытпен тәулігіне 3,3 млн баррель мұнай тасымалданған.
Түркия арқылы жүретін Киркук – Джейхан мұнай құбыры 2023 жылдан бері уақытша тоқтатылған. Иран экспорттайтын мұнайдың 72%-ы Азияға, негізінен Қытай мен Үндістанға кетеді.
Қазіргі таңда Ирак мазуты Сирияның Банияс портына жүк көліктерімен тасымалданып, одан әрі экспорттау үшін танкерлерге тиеліп жатыр. Юсеф Киблавидің айтуынша, бұл тасымалға күн сайын 1 мыңға жуық жүк көлігі қатысады.
Bloomberg агенттігінің жазуынша, Ормуз бұғазының жабылуы Ирак экономикасына кері әсер еткендіктен, бұл мемлекет мұнай түсімін қайта арттыруға тырысып келеді. Осы мақсатта Ирак Иордания арқылы өтетін бағытты да пайдаланып жатыр.