"Құқық қорғаушылар мен туыстары бізге жүгінді. Біз бұл мәселемен 8 жыл бойы айналыспадық деп айта алмаймын. Себебі, олардың сол жерде отырғанын жақында ғана білдік. Біріншіден, сегіз адамның барлығы Қазақстан азаматы екені нақты расталған жоқ. Әртүрлі мәліметтер бар, бір дереккөзде екі адам Қазақстанның азаматы, қалғандары көршілес елдердің азаматтары екені айтылған. Басты проблема - олардың сот шешімі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылғанында. Өздеріңіз білесіздер, сот билігіне араласуға болмайды. Қазақстан сот шешіміне ықпал ете алмайды. Дегенмен, біз Ирак тарапымен оларды қайтару, реадмиссия және басқа да келісімдер бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз", – деді Ақан Рахметуллин баспасөз мәслихатында.
Министр орынбасарының мәлімдеуінше, мәселені шешу – өте күрделі.
"Сондықтан біз Ирак тарапымен белсенді түрде жұмыс істеп жатырмыз. Қазір нақты қашан және қандай шаралар қолға алынатынын дөп басып айта алмаймын. Үміт бар, қазір екі жағдай болып тұр. Біріншісі, олар Ирак сотының шешімімен терроризмге жәрдемдескені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Сот шешіміне ықпал ету, өте қиын мәселе. Екіншісі, біз егер келісім жасай алсақ, әйелдерді Қазақстанға жеткізіп, жазасын елімізде өтеуіне мүмкіндік жасауға болады. Бірақ, тек Қазақстан азаматтары болса ғана", – дейді ол.
Еске сала кетсек, 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған гуманитарлық акция нәтижесінде Ирак түрмесінде өз аналарының жанында жатқан 14 қазақстандық бала қайтарылды.
2023 жылы еліміздің Сыртқы істер министрлігі Иракта сотталған Қазақстан азаматтарына қатысты келіссөз жалғасатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Бағдат түрмесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, оның сегізінші жылын өтеп жатқан қазақстандық әйелдер бар. Сотталушылардың нақты санын ешкім білмейді. Бірде 6 әйел немесе 8 әйел деп жазылып жүр. Олар терроризмге көмек көрсету айыбымен сотталған. Алайда құқық қорғаушылар тергеу мен соттың заң бұзушылықтармен өткенін, қыздарда адвокат болмағанын айтады.