Ирактың ірі компаниясы елімізден ет тасымалдауға ниетті

838

Ирактың ірі компаниясы елімізден ет тасымалдауға ниетті

Жақында Ирактың сауда нарығындағы ет импорты жөнінен көшбасшы компаниялардың бірі - "AlHasanat LTD" компаниясының басшысы Қызылорда облысына келіп, кәсіпкерлер палатасының алаңында аймақ кәсіпкерлерімен кездесті, деп хабарлайды palata.kz.

Ирактың ірі қалаларында орналасқан сыйымдылығы айына 7 мың тоннаға дейін жететін мұздатқыштары бар компания еттің басым бөлігін АҚШ, Украина, Үндістан мемлекеттерінен алады екен. Енді олар осы бағытта Қазақстанмен де ынтымақтастықты арттыруды жоспарлап отыр.

Компания басшысының Қызылордаға келуі үшін кәсіпкерлер палатасының мамандары ұзақ уақыт келіссөздер жүргізіп, (визасын дайындауына және Украинадағы өкілдіктің қызметкерлерінің келуіне көмек көрсетілді), нәтижесінде компания басшысы маусым айының екінші онкүндігінде өңірге арнайы келді.

Бұл туралы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жасұлан Серіков: "Бүгінде Иракта 37 млн.-ға жуық халық тұрады. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 85 млн.-ға өседі деген болжам бар. Сондықтан да бұл елде етке сұраныс аса жоғары. Мәселен, қозы етінің 1 кг-мы біздің теңгеге шаққанда орта есеппен 4500-4800 теңгені құрайды. "Al Hasanat LTD" компаниясының басшысы өңірге жұмыс сапарымен келгенде қозыларды тірідей және  қозы етін мұздатылған күйде алғысы келетіндіктерін жеткізді. Кездесу барысында тараптар алдағы уақытта бірге жұмыс жасауға келісіп, Кәсіпкерлер палатасы мен "Al Hasanat LTD" компаниясы арасында Меморандумға қол қойылды", - дейді.

Кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен кездесуден кейін ирактық кәсіпкерлер Жаңақорған және Сырдария аудандарында болып, "Көбелдес" ШҚ, "Бахытжан" ШҚ, "Ынтымақ" ЖШС және "Абай Дәулет" шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу