Иран АҚШ әскеріне шабуыл жасау үшін Starlink желісін пайдаланған

163

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысының алғашқы аптасында мұндай екі жағдай тіркелген.

Иран АҚШ әскеріне шабуыл жасау үшін Starlink желісін пайдаланған Фото: Dado Ruvic/REUTERS

The Washington Post басылымының дереккөздерінің мәліметінше, Иран соғыс басталғалы бері кемінде екі рет АҚШ әскери күштеріне шабуыл жасау кезінде Илон Маскке тиесілі спутниктік Starlink байланыс қызметін пайдаланған, деп жазады inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылдары басталғаннан кейін көп ұзамай Иран америкалық Starlink спутниктік байланыс желісін бірнеше рет өз мақсатына пайдаланған. Бұл туралы The Washington Post газеті сенбі, 28 қарашада, аты-жөнін жарияламаған дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Басылымның сұхбаттасушыларының айтуынша, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысының алғашқы аптасында мұндай екі жағдай тіркелген. Starlink желісіне рұқсатсыз қосылған Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) өз бөлімшелерінің іс-қимылын үйлестіріп, Таяу Шығыс елдеріндегі АҚШ нысандарына шабуыл жасау кезінде белсенді қолданылған соққы беруші ұшқышсыз аппараттарды басқарған.

The Washington Post жазуынша, бұл туралы АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсетке арнайы баяндама ұсынылған. Құжатта Иран әскери күштерінің америкалық спутниктік байланыс қызметін қалай пайдаланғаны сипатталған. Reuters агенттігі осы ақпаратқа қатысты Пентагоннан түсініктеме сұраған. Алайда ведомство өкілі мұндай құжаттың бар екенін білмейтінін мәлімдеген.

The Washington Post басылымына Starlink иесі SpaceX компаниясындағы ішкі талқылаулардан хабардар дереккөздердің айтуынша, Илон Маск АҚШ-тың қарсыласы өзі шығарған технологияны пайдаланғанын білгенде қатты ашуланған.

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының Starlink терминалдарына нақты қалай қол жеткізгені мақалада айтылмайды. Дегенмен спутниктік байланыс құрылғылары Иранға заңсыз жолмен жеткізіліп отырған. Олардың бір бөлігі жергілікті наразылық білдірушілерге байланыс орнатуға көмектесу үшін әкелінген.

Мәселен, 2026 жылғы қаңтарда Иранда жаппай наразылықтар өтіп, интернет бұғатталған кезде АҚШ президенті Дональд Трамп Илон Маскті наразылық білдірушілерге байланыс орнатуға көмектесуге ашық түрде шақырған. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, сол кезеңде Маск Иран тұрғындарына Starlink қызметін тегін пайдалануға рұқсат берген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу