Иран Берлин, Париж және Лондондағы елшілерін кері шақыртты

198

Бұл туралы Иранның мемлекеттік телеарнасы мәлімдеді. 

Иран Берлин, Париж және Лондондағы елшілерін кері шақыртты Фото: Atta Kenare/AFP

Иран ядролық бағдарламасына байланысты санкциялардың қайта енгізілу қаупіне орай Германия, Франция және Ұлыбританиядағы елшілерін кері шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.

Тегеран бұл қадамды "БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тоқтатылған қарарларын қайта жандандыруға тырысқан үш еуропалық елдің жауапсыз әрекетіне" жауап деп атады.

26 қыркүйекте Қауіпсіздік кеңесінің 15 мүшесінің көпшілігі Қытай мен Ресей ұсынған қарарға қарсы дауыс берді. Ол құжат Иранға қосымша уақыт беріп, санкциялардың қайта күшіне енуін тағы алты айға – 2026 жылғы 18 сәуірге дейін шегеруді көздеген еді.

Еске сала кетсек, тамыз айының соңында Ұлыбритания, Германия және Франция БҰҰ санкцияларын қайта енгізу үшін 30 күндік "snapback" тетігін іске қосқан болатын. Оның мерзімі 28 қыркүйекке қараған түні аяқталады.

19 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі санкцияларды қалпына келтіруге жол ашты. Себебі мүше елдер Иранды бұл жағдайдан құтқаратын қарарды қолдамады.

Батыс елдері Иранды ядролық қару жасауға ұмтылып отыр деп күдіктенеді. Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) дерегінше, Иран – ядролық қаруы жоқ елдердің ішінде уранды 60%-ға дейін байытқан жалғыз мемлекет. Ал оны жасау үшін уранды 90%-ға дейін байыту қажет, бейбіт атом энергетикасына 3,67% жеткілікті. Тегеран болса, ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатта екенін алға тартады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу