Иран билігі АҚШ-тан 13 түрлі жолмен кек алмақ

1856

Адмирал Али Шамхани Американы не күтіп тұрғанын айтты.

Иран билігі АҚШ-тан 13 түрлі жолмен кек алмақ

Генерал Касем Сулейманиді өлтіргені үшін Тегеран билігі АҚШ-тан кек алуының 13 сценариін әзірлеген. Бұл туралы Fars жаңалықтар агенттігі Иранның Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің Жоғарғы хатшысы адмирал Али Шамханидің жасаған мәлімдемесіне сүйене отырып хабарлады.

Шамханидің сөзінше, "әзірленген сценарилердің ең әлсізінің өзі тарихи тұрғыда АҚШ-тың үрейін ұшыратын сұмдыққа айналады". Алайда, Али Шамхани бұқаралақ ақпарат құралдарына ақпаратты ашып айтпаған. 

Сейсенбі күні Иран парламенті Пентагон мен АҚШ армиясын террористік ұйымдармен теңестіретін заң жобасын бірауыздан қабылдады. Сондай-ақ, құжатта Иранның Ұлттық даму қорынан Иран армиясының элиталық бөлімшесі – "Әл-Құдс" арнайы күштеріне 200 миллион еуро бөлу мақұлданды. 

"Әл-Құдс" басшысы генерал Касем Сүлеймани 3 қаңтарға қараған түні АҚШ-тың Бағдад халықаралық әуежайы маңында арнайы операция нәтижесінде қаза тапқан болатын. Вашингтон оны 31 желтоқсан күні Ирак астанасындағы АҚШ елшілігіне жасалған шабуылды ұйымдастыруға қатысы бар деп санады.

Бұған дейін Аятолла Хаменеи генерал Сүлейманидің өлімі үшін АҚШ-тан кек алатынын мәлімдеген болатын.

Иран президенті Хасан Рухани Вашингтон билігін "Тегеран ұмытпайтын ауыр қылмыс жасады" деп айыптаған еді.

Сенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Америка қарулы күштері Ирандағы 52 нысанды көздеп тұрғанын мәлімдеген еді. Арасында мәдени мұралар да бар 52 нысанды нысанаға алу себебін, Иранның 1979 жылы 52 Америка азаматын тұтқындап, кепілдікке алуымен байланыстырады.

Халықаралық құқық мәдени мұра нысандарына шабуыл жасауға тыйым салатынын айтқан бірқатар саясаткерлер мен сарапшылар Вашингтонның бұл шешіміне алаңдаушылық білдірді. Бұған жауап ретінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Вашингтон "заңға сәйкес әрекет етеді", – деді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу