Иран ғаламдық интернеттен толық бас тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Filterwatch ұйымының есебіне сілтеме жасаған The Guardian басылымы жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Цифрлық құқықтарды қорғаушылардың айтуынша, Иран үкіметі ғаламдық интернеттен мүлдем бас тартып, биліктен рұқсаты бар адамдарға ғана желіге қосылуға мүмкіндік бермек. Осылайша ғаламторды тек шенеуніктер, қауіпсіздік қызметкерлері және биліктің мақұлдауын алған тұлғалар пайдалана алады.
Filterwatch ұйымының басшысы Амир Рашидидің сөзінше, қалған ел тұрғындарына тек ұлттық интернетке, яғни ішкі, ғаламдық желіден тыс әрі сыртқы әлемнен оқшауланған желіге қосылуға рұқсат беріледі. Белсенділердің пікірінше, ел билігі 2026 жылдан кейін еркін интернеттің болмайтынын меңзеп отыр.
Ирандағы наразылықтар кезінде кемінде 5000 адам қаза тапты, оның ішінде 500-ге жуығы – қауіпсіздік қызметкерлері. Қақтығыстар аясында АҚШ президенті Дональд Трамптың елдегі жағдайға араласпаймын деген шешімінен кейін наразылықтар бәсеңдеді. Бұған дейін Трамп Иран халқын наразылықты жалғастыруға шақырған болатын. Ақ үй басшысы TruthSocial желісінде тиісті үндеу жариялады.
Айта кету керек, наразылықтар кезінде Иран билігі интернетті толық өшірді.