Иран Иракқа айтарлықтай жақсылық жасады

Ормуз бұғазындағы жаһандық энергия тасымалын тұншықтырып тұрған шектеулерден Ирак босатылып отыр. 

Иран Иракқа айтарлықтай жақсылық жасады Фото: Анадолы

Бұл туралы Иран әскерилерінің өкілі араб тілінде жасаған видеоүндеуінде мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Бауырлас Ирак біз Ормуз бұғазы бойынша енгізген кез келген шектеуден босатылады, – деді Иран әскери құрылымының өкілі мемлекеттік IRNA агенттігіне. 

Бұл шешім Ирактың тәулігіне 3 млн баррельге дейін мұнай экспортын теңіз арқылы қайта жөнелтуіне жол ашуы мүмкін. Сонымен қатар, аталған хабар Францияның контейнерлік кемесі мен жапон иелігіндегі танкер бұғаздан өткеннен бірнеше күн кейін жарияланып отыр. Ол – қақтығыс басталғалы бері Батысқа жақын мемлекеттерге тиесілі алғашқы кемелердің бірі.

Соғыс басталған алғашқы аптада Ирак және Парсы шығанағындағы өзге де ірі өндірушілер негізгі экспорт жолының жабылуына байланысты мұнай өндірісін күрт қысқартуға мәжбүр болды.
2026 жылдың наурызында Ирактың мұнай экспорты бір ай бұрынғы көлемнен 97 пайызға құлдырап, тәулігіне бар-жоғы 99 мың баррельге дейін төмендеген. Экспорт тек Түркия арқылы Жейхан портына баратын құбыр жүйесімен шектелді.

Иранның Ормуздағы шектеулерді жұмсартуы Иракқа қалаған көлемін қайта теңізге шығару мүмкіндігін береді. 

Bloomberg мәліметінше, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы аясында бұғаздағы қозғалыс біртіндеп қалпына келе бастағанымен, соғысқа дейінгі деңгейден әлдеқайда төмен. Бұған дейін Ормуз бұғазы арқылы әлемдегі мұнай мен сұйытылған газдың шамамен бестен бірі тасымалданатын. 

Осыған дейін Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы бұрын-соңды болмаған деңгейде қысқарғанын жаздық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу