Қызылорда облысының делегациясы Иран Ислам Республикасының Гүлістан және Мазандаран провинцияларына жұмыс сапарымен барып қайтты, деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан.
Сапар барысында Гүлістан провинциясы ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда және тау-кен ұйымдары, сауда, өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасы басшыларымен кездесуі өтті. Кездесуде Горган сауда, өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасының президенті Рамезан Бахрами, Гүлістан провинциясы ауыл шаруашылығы ұйымы басшысы Мохтар Мохаджер, өнеркәсіп, сауда және тау-кен ұйымы басшысының орынбасары Дарвиш Али Хассанзаде өз салалары бойынша провинцияның экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды.
Гүлістан провинциясының басшылығы провинцияның Қызылорда облысымен экономикалық құрылымы жағынан ұқсастығына назар аударып, Қызылорда облысында ауыл шаруашылық дақылдарын егу, балық және мал өсіру, осы салалардағы озық технологиямен алмасу, Қазақстанға жеміс-жидек өнімдерін экспорттау, Қызылорда облысынан тірі мал, майлы дақылдар импорттау бойынша өзара ынтымақтастық жасауға дайын екендігін атап өтті.
Облыстық делегация өз тарапынан екіжақты қарым-қатынасты оңтайлы және өзара тиімді дамыту бойынша ирандық әріптестерімен тығыз байланыс орнатуды қош көретінін жеткізіп, Иранға ірі қара, ұсақ мал етін және "Новатор" күріш жармасын экспорттауды ұсынды.
Дәл осындай кездесу Сари қаласында Мазандаран Сауда, өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасының президенті Абдалла Мохаджердараби, ауыл шаруашылығы ұйымының басшысы Делавар Хейдарпур, өнеркәсіп, сауда және тау-кен ұйымының басшысы Омран Мохаммадпур, инвестиция тарту және қолдау департаментінің директоры Лейла Восуги мырзамен жүргізілді. Сонымен қатар Гүлістан провинциясының жеке кәсіпкерлерімен B2B форматында кездесу өткізілді. Аталған кездесу аясында Гүлістан провинциясының губернаторы Хасан Садеглумен кездесіп, екі өңір арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту және жандандыру мәселелері талқыланды.
Провинция губернаторы Қызылорда облысымен қатынастарды нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.