Тегеранда өткен Иран-Қазақстан бизнес форумында қос елдің кәсіпкерлері 6 млн доллардың келісімшартына қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Қазақстанның Ирандағы сауда-экономикалық миссиясы аяқталды. Іс-шараны QazTrade АҚ Иран Ислам Республикасындағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды. Оған машина жасау, тамақ, фармацевтика, құрылыс материалдарын өндіретін 20-ға жуық қазақстандық компания қатысты.
Сауда-экономикалық миссиясы аясында Иран-Қазақстан бизнес форумы өтті. Онда 150-ге жуық ирандық компания, трейдерлер, сауда желілері, логистикалық компаниялар болды.
Сондай-ақ ирандық бизнесмендер елдегі агроөнеркәсіп саласына қызығушылық танытты. Олар қазақстандық тауарларды сатуды ғана емес, Қазақстанда экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды құру мәселесін көтерді.
Сонымен қатар ирандық кәсіпкерлер отандық кәсіпорындар өндіретін жануарларға арналған азық қоспаларына қызықты. Олар машина жасау және фармацевтикада В2В ынтымақтастығын дамыту керегін атап өтті.