Иранның жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменей Израильмен арадағы атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгеннен кейін алғаш рет көпшілік алдына шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
86 жастағы рухани жетекші телевизиялық үндеуде Иран 12 күндік соғыста Израиль мен Америка Құрама Штаттарын жеңгенін жариялады. Сонымен қатар Хаменей тікелей эфирде Ирандағы ядролық нысандарға көп шығын келмегенін айтты.
Ал Пентагонға сенсек, бомбалау операциялары Ислам Республикасының атом бағдарламасын бірнеше жылға артқа шегерген. Осы мәселеге қатысты Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи де мәлімдеме жасап, ядролық объектілерге келген шығын "аз емес" деді.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен министр Пит Хегсет Американың соққысынан Иранның ядролық нысандары толық жойылғанын айтады. Қазір АҚШ Иранмен жаңа келіссөз жүргізуге тырысып жатыр.
Израиль қаржы министрлігінің болжамынша, бұл соғыстан экономикаға келген жалпы шығын 12 миллиард долларға жетуі мүмкін.