Биыл Қазақстанға 1 млн-ға жуық шетелдік турист келеді деп күтілуде. Бұл туралы Халықаралық туризм, спорт және белсенді өмір салты көрмесінің ашылуында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Биыл Қазақстан ішкі туризм бойынша рекордтық көрсеткішке жетті. Елге 6,9 млн турист келді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда ең жақсы көрсеткіш, өйткені 2019 жыл отандық туристерді тарту бойынша Қазақстан тарихындағы рекордтық жыл болды. Дегенмен шетелдік туристер рекорды әлі жаңарған жоқ. Биыл 500 мыңнан 1 млн-ға дейін шетелдік туристерді қабылдаймыз деп отырмыз. Шекаралар жабылып, пандемияға байланысты шектеулер енгізілген еді. Енді барлық шектеулер алынып тасталды. 74 елге визасыз режим қайтарылды. Біз бұл тізімді 100-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз. 16 маусымнан бастап біз электронды визаларды беруді қайта бастадық. Иран, Қытай, Үндістан азаматтары үшін визасыз режимді енгізу мәселесі пысықталуда", – деді Ержан Еркінбаев.
Құралай Құдайберген