АҚШ Иран мұнайын сатып алушы мемлекеттерге қайталама санкциялар енгізбек. Бұл туралы Ақ үй басшысы Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
АҚШ президенті Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздер аясында Тегеранға қысымын күшейтіп жатыр. Вашингтон Иран мұнайын сатып алушыларға қайталама санкциялар салатынын мәлімдеді. Бұл туралы бейсенбі күні Ақ үйдің басшысы Truth Social желісінде жазды.
"Иран мұнайын немесе мұнай-химия өнімдерін сатып алу дереу тоқтатылуы тиіс! Ираннан мұнай немесе мұнай-химия өнімдерін сатып алатын кез-келген мемлекет немесе жеке тұлға бірден кезекті санкцияларға ұшырайды", - деді Дональд Трамп.
Оның сөзінше, АҚШ Ираннан қара алтынды сатып алатындармен кез келген байланысты үзеді. Тегеран мұнайын сатып алушылардың тізімін Бейжің бастап тұр.
Соңғы жағдайларға байланысты әлемдік мұнай бағасы күрт арзандады. Brent маркасы барреліне 60 долларға дейін төмендеді.