Иран наразылықтар кезінде көз жұмған 3 мың адамның аты-жөнін жариялады

216

Тәуелсіз ұйым басқа деректерді келтіріп отыр. 

Иран наразылықтар кезінде көз жұмған 3 мың адамның аты-жөнін жариялады Фото: Getty Images

Иран билігі жаппай наразылықтар барысында қаза тапқан адамдардың алдын ала тізімін жария етті. Ел президенті Масуд Пезешкиан әкімшілігі жариялаған құжатта 2985 адамның мәліметі тұр. Ресми статистика бойынша 3117 адам қаза тапқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.

Тізімде 2986 адамның аты-жөні бар деп көрсетілгенімен, кестедегі бір жол баған атауларына арналған. Іс жүзінде құжатта 2985 адамның мәліметі берілген. Билік 131 адамның жеке басы әлі анықталмағанын хабарлады. Олардың есімдері кейін жарияланатыны белгілі болды.

Тегеранда наразылық акциялары 2025 жылдың желтоқсан айының соңында басталды. Басында олар экономикалық себептерге байланысты өрбіді. Бірақ көп ұзамай наразылықтар саяси сипат алған соң, бүкіл ел аумағына таралды. Мемлекеттік органдардың, шетелдік БАҚ пен куәгерлердің мәліметінше, 8 және 9 қаңтарға қараған түндері қақтығыс шиеленісе түсті. Елдің денсаулық сақтау министрлігіндегі дереккөздерге сілтеме жасаған Time журналы осы екі күнде 30 мыңға дейін адам қаза табуы мүмкін екенін жазды.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи наразылықтар барысында 3117 адам қаза тапқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, олардың арасында 2427-сі бейбіт тұрғындар мен қауіпсіздік қызметкерлері бар. Министр қалған құрбандарды "лаңкестер" деп атады. АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency агенттігі 31 қаңтардағы жағдай бойынша 6713 адамның қаза тапқаны расталғанын хабарлады. Ұйым тағы 17 091 жағдайға қатысты мәліметтерді тексеріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу