Иран тарапы Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыру үшін АҚШ-қа бірқатар жаңа талап қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD басылымына сілтеме жасап.
Тегеран соғысты тоқтатумен қатар, АҚШ-тың Иранға және оның одақтастарына бұдан былай ешқашан қауіп төндірмеуін талап етті. Сондай-ақ Вашингтон Иран порттарына қойылған теңіз қоршауын алып, өңірдегі әскери күштерін шығаруы тиіс. Бұған қоса, соғыстан келген шығынды толық өтеу, санкциялар мен бұғатталған активтерге қойылған шектеулерді алып тастау талап етілді.
АҚШ үкіметі Иранның бұл мәлімдемесіне әзірге жедел жауап берген жоқ. Бұған дейін Тегеран аталған талаптарды Иранның ядролық бағдарламасын да қамтитын ұзақ мерзімді келісімге қол қоюдың шарты ретінде ұсынған еді. Енді бұл талаптар Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қайта бастау мәселесіне қатысты келісімге де қойылып отыр.
Жақында Иран мен АҚШ Ормуз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасын қалпына келтіру жөніндегі келісімге жақын қалғанын мәлімдеген. Иран бұғаз арқылы кемелердің өту тәртібін реттеу бойынша Парсы шығанағының қарсы жағалауында орналасқан Оманмен тікелей келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Екі тарап та келісімнің жақын арада жасалуы мүмкін екенін айтқан.