Жақында ғана Иран президенті болып сайланған Ибрахим Раисидің инаугурациясы 3 тамызда өтеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz "Интерфакс" агенттігіне сілтеме жасап.
Парламенттің вице-спикері Али Никзадтың айтуынша, ұлықтау рәсіміне шетелдік саясаткерлер шақырылады. Раиси 18 маусымда өткен президенттік сайлауда жеңіске жеткен еді. Оған сайлауға келгендердің 62%-ы дауыс берген болатын.
"Бұл сайлауға 28 миллион 600 мың отандасымыз қатысты. Раиси 17,8 миллион дауыс жинады", – деді сайлау өткізу жөніндегі штаб басшысы Жамал Орф.
Мохсен Резаи 3,3 миллионнан астам дауысқа ие болса, Орталық банктің бұрынғы басшысы Әбдолнасер Хемматиді шамамен 2,4 миллион тұрғын қолдады. Ал меджилис төрағасының орынбасары Әмір Хосейн Казизаде Хашемиге 1 миллионнан астам адам дауыс берді.
Табиғат Нұрболат