Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи АҚШ Президенті Дональд Трамптың ядролық келісімді қайта бастау туралы ұсынысынан бас тартты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.
Мемлекеттік IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Аятолла Әли Хаменеи Тегеранда шенеуніктер мен әскери қызметкерлер алдында сөз сөйледі.
– Олар қоғамда "неге біз келіссөздерге дайын екенімізді білдірсек те, Иран келіссөз жүргізуден бас тартып отыр?" деген күмән туғызуға тырысады. Бірақ олардың шынайы мақсаты – диалог емес, үстемдік орнату және өз ұстанымдарын мәжбүрлеп таңу, – деді ол.
Оның айтуынша, мәселе тек ядролық бағдарламада ғана емес. АҚШ Иранның қорғаныс және зымырандық бағдарламаларына, сондай-ақ оның халықаралық байланыстарына қатысты өз талаптарын қойып отыр.
Аятолла Әли Хаменеи келіссөздерден бас тартқанымен, Иранның ядролық бағдарламасы "қай жерде болса да" талқылануы мүмкін екенін айтты, бірақ нақты мәлімет бермеді.