Телеарнаның мәліметінше, Тегеран МАГАТЭ бақылауымен өз аумағында уранды байыту деңгейін төмендетуге дайын екенін де білдірген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Иран байытылған уранды ел аумағынан тыс жерге шығаруға мүмкіндік берер емес.
– Тегеран уранды Ираннан тыс жерге беруден бас тартты, МАГАТЭ бақылауымен өз аумағында байыту деңгейін төмендетуге дайын. Сондай-ақ, АҚШ уран байытуды 20 жылға тоқтатуды талап етті, десе де Тегеран бұл шартты қабылдамады. Иран өз кезегінде "уранды байыту деңгейін өздігінен төмендету мүмкіндігін" ұсынып отыр, – деп ақпарат таратты Al Jazeera.
Дереккөздің мәліметінше, Вашингтон Иранның жоғары деңгейде байытылған уранын Ресейге беру идеясынан бас тартып, оны қабылдайтын ықтимал үшінші елді ұсынған.
9 мамыр күні БАҚ өкілдерімен кездесуде Владимир Путин Ресейдің Иран уранын елден шығару жөніндегі бұрынғы ұсынысы әлі де күшінде екенін айтты.
– Меніңше, бұл – жақсы ұсыныс. Егер барлық тарап келіссе, Иран бұл материалдарды достас елге шығаратынына толық сенімді бола алады. Ол ел Иранмен бейбіт атом саласында ынтымақтастықты жалғастыра береді. Ал қару жасауға арналған ядролық бағдарламаларға Иран ұмтылып отырған жоқ, – деді Ресей президенті.