Иранның стратегиялық мәселелер жөніндегі вице-президенті Мұхаммед Джавад Зариф отставкаға кететінін мәлімдеді. Бұл туралы шенеунік X әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Eadaily-ге сілтеме жасап.
Мұхаммед Джавад Зариф жаңа үкіметті құру жөніндегі консультативтік кеңестің басшылығыдағы жұмысының нәтижесіне қанағаттанбағанын, әйелдер, жастар және этникалық азшылықтарға қатысты тиісті комитеттердің сараптамалық мақұлдауын ала алмағанын жеткізді.
"Ішкі саясат мәселелерін шеше алмағаныма кешірім сұраймын", - деп жазды Иран вице-президенті.
Зариф жаңадан сайланған ел президенті Масуд Пезешкианның Жарлығымен 2 тамыз күні республиканың стратегиялық мәселелер жөніндегі вице-президенті болып тағайындалған болатын.
Айта кету керек, Мұхаммед Джавад Зариф 2013 жылдан бастап 2021 жылға дейін Иранның Сыртқы істер министрі қызметін атқарды.